Елдегі қолжетімді медицина
Елде 2,5 миллионнан астам адам зейнетақы алады, 630 мыңнан аса көпбалалы отбасы жәрдемақымен қамтылған, ал 544 мыңнан астам азаматқа мүгедектік бойынша қолдау көрсетіледі.
Сондай-ақ ауылдық жерлерде шамамен бір миллион тұрғын жаңа медициналық инфрақұрылымға қол жеткізді. Осылайша, елде азаматтарды қолдаудың ауқымды жүйесі қалыптасып келеді. Елде халықты жоғары технологиялы медициналық көмекпен қамтамасыз ету жалғасып келеді. Мәселен, қазір заманауи диагностика, емдеу әдістері және күрделі хирургиялық операциялар қолжетімді. Ауыр туа біткен аурулары мен патологиялары бар балаларға да ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын шамамен 1,5 мың нәрестеге ота жасалады, олардың 40 пайызында аз инвазивті эндовидеохирургиялық технологиялар қолданылады. Қымбат ем мен дәрі-дәрмекпен қамту да кеңейіп келеді. Былтыр 3,4 миллион қазақстандық тегін дәрі-дәрмек алды. Ал биыл 8 фармацевтика зауыты іске қосылмақ. Нәтижесінде 180-нен астам тұрақты жұмыс орыны ашылып, 60-қа жуық дәрілік заттар өндіріледі.
Тимур Мұратов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда дәрілік заттардың отандық үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында елімізде фармацевтика саласында тағы бір маңызды ірі жоба іске қосылады. Үкімет Денсаулық сақтау министрлігі мен Степп фармацевтикалық компаниясы арасындағы келісімді мақұлдады.
Өндірістік нысандардың бірі Алматы облысында салынады. Мұнда 32 миллиард теңгеден аса қаражат жұмсалып, 20 шақты препарат түрі өндіріледі. Зауыт құрылысы биыл басталып, 2031 жылға дейін жалғаспақ. Ал елімізде соңғы жеті жылда 1250-ден аса денсаулық сақтау мекемесі бой көтерді. Оның 800-ден астамы кейінгі үш жылда пайдалануға берілді. Ұлттық жоба шеңберінде ауылдық жерлерде 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны салынды.
Аслан Қинаятов, ҚР ДСМ Фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту департаментінің директоры:
- Жаңа өндірістік қуаттар онкологиялық, жүрек қан-тамыр, инфекциялық және созылмалы ауруларды, соның ішінде туберкулезді емдеуге арналған 38 түрлі дәрілік затты шығаруға мүмкіндік береді. Өндіріс халықаралық стандарттарға сәйкес болады және дәрілік заттардың сапасы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ экспорттық әлеуетті нығайтуға бағытталған.
Балалы отбасыларды мемлекеттік қолдау
Балалы отбасыларды мемлекеттік қолдау да артып келеді. Елде 630 мыңнан астам отбасы мемлекеттік жәрдемақы алады. Балалары бар отбасыларға арналған 5 негізгі жәрдемақы түрі қарастырылған. Бала дүниеге келген кезде отбасыларға біржолғы жәрдемақы беріледі. Төлем сомасы бірінші, екінші және үшінші балаға 164 350 теңге. Төртінші және одан кейінгі балаларға 272 475 теңге. Ел үкіметі мүгедектігі бар адамдарды қолдау жүйесін жетілдіруді де жалғастыруда. Биылдан бастап мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 10%-ға артты. Аз қамтылған отбасылар да мемлекет назарынан тыс қалып отырған жоқ. Бүгінде 34,5 мың отбасыға 10,6 млрд теңге көлемінде әлеуметтік көмек тағайындалды.
Жастар үшін қолжетімді білім беру
2020 жылдан бері елде 1 мың 200 ден аса мектеп салынды. Нәтижесінде 1 млн-нан астам жаңа оқушы орны ашылды, бұл үш ауысымды мектептер санын төрт есеге қысқартуға мүмкіндік берді. Биыл тағы 53 мың орынға арналған 96 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Алтай Рақымберлин, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің басқарма басшысы:
- Бүгінгі күні елімізде қосымша білім беруді қамту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Елде 2 мыңнан астам қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Олар балалар шығармашылық үйлері. Оқушылар үйлері, өнер мектептері. Жалпы еліміз бойынша 132 мың 128 үйірме жұмыс жасайды және 380 бағыты бойынша осындай 130 мыңнан астам үйірмелер жұмыс істейді.
Соңғы бес жылда білім беру гранттарының саны 65,1 мыңнан 93,2 мыңға дейін ұлғайды. Осылайша, мыңдаған жастар жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік алды. Жастарды қолдау жүйесінде халықаралық «Болашақ» бағдарламасының орны ерекше. Соңғы үш жылда әлемнің жетекші университеттерінде 994 стипендиат білім алды. Қосымша 342 маман шетелдік жетекші ұйымдарда кәсіби тағылымдамадан өтті.
Авторы: Әлішер Әли