Оқушыларға пышақпен шабуыл жасаған теміржолшы сотталды
Петропавлда екі оқушыға шабуыл жасаған теміржолшы сот алдында жауап берді. Сот шешімімен 36 жастағы Виталий Иваненко кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «24KZ».
Оқиға өткен жылдың қараша айында болған. Петропавл тұрғыны Виталий Иваненко Instagram желісінде ит үйреткен видеоларын жариялаған. Алайда оның жануарларды жаттықтыру әдістері көпшіліктің сынына ұшыраған. Жағымсыз пікірлерге ашуланған ер кісі оларды жергілікті жасөспірімдер жазды деп ойлаған. Мас күйінде қолына пышақ алып көшеде отырған екі оқушыға шабуыл жасаған.
Сараптама қорытындысына сәйкес, зардап шеккен жасөспірімнің беті кесіліп, қолдары мен бетінде көптеген жарақат болған.
Тергеу барысында оқушылардың Иваненкомен мүлде таныс болмағаны және Instagram-дағы пікірлерге ешқандай қатысы жоқ екені белгілі болды.
Бірақ тергеу барысында балалардың бұл пікірлерге мүлде қатысы жоқ екені анықталды.
Сотта айыпталушы жасөспірімге қасақана зиян келтіруді көздемегенін, жарақат кездейсоқ болғанын айтқан. Алайда сот бұл уәждерді қабылдамады
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.