Астанада «InnovАrt: болашақ өнері» желілік арт-фестивалі өтті
Астанада «InnovArt: Болашақ өнері» желілік арт-фестивалі өтіп жатыр. Игі бастаманы Назарбаев Зияткерлік мектептері қолға алған.
Онда жас өрендер түрлі жанрда өнер көрсетіп, өз ойларын ашық жеткізуге тырысады. Бұл байқаулар оқушыларға шығармашылық еркіндік беріп, қосымша қабылеттерін шыңдауға мүмкіндік туғызады.
«InnovArt: Болашақ өнері» Назарбаев Зияткерлік мектептерінің дәстүрлі арт фестивалі. биыл оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген 242 оқушы қатысып жатыр. 21 зияткерлік мектептің шығармашыл жастары екі күн бойы өзара мықтыны анықтайды.
Әнуар Жанғозин, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы:
- Фестиваль 4 негізгі категория бойынша өтіп жатыр. Ол мюзикл, қолөнер, құм анимациясы және әлеуметтік бейнеролик. Осы барлық категория арқылы оқушылар өз өнерін көрсетеді. Өз азаматтық ұстанымын, ұлттың мәдениетіне құрметін білдіреді.
Мюзикл бағытында оқушылар жасанды интеллект элементтерін пайдалана отырып, музыка, театр, хореография және вокалды ұштастырған сахналық қойылымдарын ұсынды. Мәселен, Көкшетаудан келген қатысушылар домбырамен заманауи музыканы ұштастыра білген.
Абай Жолдыбаев, Көкшетаудағы НЗМ оқушысы:
- Әнді толықтай жанды дауыспен айтамыз. Би көрсетеміз. Бидегі әрбір символдың маңызды мәні болады. Сосын домбыра ойнайтын боламыз. Домбыраны заманауи музыкамен ұштастырып, бірге ойнайтын боламыз.
Айта кету керек, Назарбаев Зияткерлік мектептерінде академиялық біліммен қатар оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары мектеп түлектерінің креативті индустрияларға қызығушылығы артып келеді. Мәселен, 2010–2025 жылдар аралығында 358 түлек дизайн, сәулет, режиссура, актерлік өнер, бейнелеу өнері және басқа да шығармашылық бағыттар бойынша білім алуды таңдаған.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Досбол Сайранбекұлы