Шымкентте Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті
Мемлекеттік рәміздер күні бүгін еліміздің барлық өңірінде кең көлемде аталып өтті. Мерекеге орай патриоттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.
Шымкентте де бұл күн, ерекше сән-салтанатпен тойланды. Қаланың Шымсити шағын ауданындағы алаң, басты мерекелік орынға айналып, мыңдаған тұрғынды бір жерге тоғыстырды.
Шымкент қаласының аспанында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, биіктігі 100 метрлік ту тұғырында еліміздің көк Туы көтерілді. Салтанатты рәсімге мыңдаған тұрғын қатысып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметін білдірді.Алаңға студенттер, қоғам қайраткерлері, ардагерлер, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ қала әкімі мен танымал спортшылар жиналды. Салтанатты шараға қазақстандық көркем гимнастиканың аңызы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әлия Юсупова да қатысты.
Әлия Юсупова, Қазақстан гимнастика федерациясының президенті:
- Біздің туымыз тек қана екі рет көтеріледі. Басшы үлкен іс-сапармен басқа елге барған кезде және де спортшылар үлкен додаларда, жарыстарда бірінші орын алған кезде. Біз де спортшы ретінде әрқашанда күшіміздің бәрін салып, осы біздің туымыз көтерілсін деп, жақсы сәтке тырысамыз.
Шымсити шағын ауданындағы алаң мерекелік көңіл күйге бөленіп, көк түске боялғандай. Жиналған тұрғындар алып Тудың аясында естелік суретке түсіп, бір-бірін мерекемен құттықтады. Қатысушылардың айтуынша, Мемлекеттік рәміздер – елдің ресми нышандары ғана емес, тәуелсіздіктің символы, тарихи жадымызға деген құрмет пен келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің көрінісі.
Авторы: Серік-Ибраһим Орынбек