Қамыстан жасалған ойыншық
Алматыдағы балабақшалардың бірінде балалардың шығармашылық қабілеті мен ұсақ моторикасын дамыту үшін қамыс қолданылады.
Ерекше әдістемені балабақша меңгерушісі әзірлеген. Ол ұлттық қолөнер элементтерін заманауи білім беру тәсілдерімен ұштастырған. Бір қарағанда бұл ішекті, үрмелі және ұрмалы аспаптардан құралған әдеттегі шағын балалар оркестрі. Бірақ бір ерекшелігі бар – мұндағы барлық музыкалық аспап қамыстан жасалған. Табиғи материал балаларды дамыту үшін тиімді оқу құралына айналып отыр.
Ботагөз Амангелді, №131 Бөбекжай балабақшасының меңгерушісі:
- Иә, бұл ой қайдан келгенін айта кетейін, бала кезімде ауылда өстік, сол кезде осы қамыстан әртүрлі ойыншықтар жасап, ойнайтынбыз. Қазіргі балалар болашағымыз ғой. Балаларға осыны жаңғыртайық деп, өзіміздің әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді жаңартайық деген оймен осы қамысты алып отырмыз.
Балабақша шағын шығармашылық орталыққа айналған. Мұнда қамыстан жасалған түрлі заттар бар. Атап айтқанда, Қазақстан картасы бейнеленген пазлдар, балалар өздері құрастыратын киіз үйдің керегесі және жануарлар бейнеленген аспалы ойыншықтар қолданылады. Тіпті табиғи материалдан жасалған арнайы «3D-қалам» да бар. Оның көмегімен балалар сурет салады. Ал арнайы мобильді қосымша арқылы сол суреттер экранда қозғалып, жанды бейнеге айналады.
Гүлмира Заитова, психолог:
- Бұл әдіс әсіресе тұйық балаларға арналған арт-терапия. Сабаққа қажетті жақтаулар мен арнайы қаламдар да қамыстан жасалған. Мұндай жұмыстар балалардың қиялын дамытып, шығармашылық қабілетін ашады. Бүлдіршіндер суреттерді өз қалауынша безендіріп, түрлі бөлшектер қосу арқылы өз идеяларын еркін жүзеге асыра алады.
Балабақшада мұндай бұйымдар өте көп. Бұл - тәрбиешілердің, ата-аналардың және балалардың күнделікті еңбегінің нәтижесі.
Сая Оңғарғанқызы, ата-ана:
- Қамысты, табиғатымызды қорғай отырып, қолдай отырып, аялай отырып, біліммен байланыстыра отырып балаларымыз үшін ең пайдалы нәрсе дүние ойлап тапқаны үшін алғыс білдіремін. Мынаны балалар үрлейді. Үрлегеннен кейін бұл көбелекпен ойнайды. Ал бұл логопедиялық тілдік жаттығу арқылы баланың сөйлеу дағдысын қалыптастыруға үлкен көмегін тигізеді.
Семинар барысында бүлдіршіндер қамыс пен суды мекендейтін тіршілік иелері туралы қойылым көрсетті.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев