QazaqGaz Aimaq 526 кәсіпкердің құқығын бұзғаны анықталды
Талдықорған қаласының прокуратурасы газ жеткізуші QazaqGaz Aimaq АҚ-ның заң бұзғанын анықтады, деп хабарлайды «24KZ».
Компанияның инвесторлармен жасасқан газбен жабдықтау жөніндегі шарттарында шикіліктер болған. Атап айтқанда, жекелеген баптары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келмейді. Соның кесірінен кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары бұзылып, тұтынушылардың заңды мүдделері шектелген.
Шарттарда мерзімі өткен әрбір күн үшін қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 1,5 еселенген мөлшерінде, ең жоғары шегі белгіленбеген өсімпұл есептеу көзделгені анықталды.
Аталған фактілер бойынша Талдықорған қаласының прокуратурасы Жетісу облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне прокурорлық қадағалау актісін енгізді.
Инвесторлармен жасалған шарттардан бөлек, QazaqGaz Aimaq АҚ өңірдегі тағы 526 кәсіпкерге қатысты да осындай заң бұзушылықтарға жол берген.
Прокуратураның араласуының нәтижесінде зардап шеккен барлық кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары қорғалды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз