Ақмола облысында көктемгі егіс науқаны толығымен аяқталды

Биыл аймақ диқандары 5 млн 600 мың гектарға дән септі. Егіс алқабы өткен жылмен салыстырғанда 77 мың гектарға ұлғайды.

Көктемгі дала жұмыстарына мемлекет тарапынан 235 млрд теңге бөлінді. Оның 75 млрд теңгесі қайтарымсыз субсидия. Жалпы былтыр өңір шаруалары 7,5 млн тонна астық жинап, рекорд орнатқан еді. Биыл да ауа райы қолайлы болса, одан көп өнім алуға ниетті. 

Виталий Гончаров, шаруа:

- Біз биыл 17 мың гектарға дән септік. Оның тең жартысына майлы дақылдар ектік. «Кен дала» бағдарламасы аясында мемлекеттен 1 млрд теңге шамасында жеңілдетілген несие алдық. Оған тыңайтқыштар сатып алып, техникаларымызды жаңарттық. Осының арқасында көктемгі дала жұмыстарын уақытында аяқтадық. Мол өнім аламыз деген үміттеміз. 

Нұрбек Бадырақов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Егістікті әртараптандыруға сәйкес дәнді-дақылдардың егіс көлемі 185 мың гектар алқапқа дейін қысқарды. Жалпы 4,5 млн гектар алқапқа дәнді дақылдар себілді. Есесіне қысқарған егіс көлемінің орнына майлы дақылдардың егіс алабы 220 мың гектар алқапқа дейін ұлғайды. 715 мың гектар алқапты құрады. Атап өту керек, соңғы үш жылда майлы дақылдардың егіс көлемі арты есеге дейін артты.