Үкімет басшысы солтүстіктегі шаруалармен кездесті

Үкімет басшысы Солтүстік Қазақстандағы агроөнеркәсіп кешенінің жұмысымен танысты. 

Олжас Бектенов «Атамекен-Агро-Корнеевка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі цифрлық сүт-тауар фермасы, «Қызылжар Жем» шаруашылығы және «Eurasian milk» сүт өңдеу зауытына барды. Премьер-министр Westfalia компаниясының 40 басқа арналған автоматтандырылған сауу залын, сондай-ақ табын мен өндіріс процестерін басқарудың цифрлық жүйелерін көрді. Фермада сауылған сүт көлемінің автоматтандырылған есебін жүргізуге, жабдық жұмысын қадағалауға, жануарлардың жағдайын, олардың белсенділігі мен өнімділігін бақылауға мүмкіндік беретін DairyPlan және CowScout шешімдері қолданылады. Өткен жылы ферма шамамен 11 мың тонна сүт өндірді. Жыл басынан бері өндіріс көлемі шамамен 3 мың тоннаға жетті. Бүгінде аграрлы аймақ шаруашылықтар арасында сүт өндіру көлемі бойынша екінші орында. Еліміздегі сүт өңдеу көлемінің шамамен алтыдан бір бөлігін қамтамасыз етеді. Өңірде 118 сүт-тауар фермасы, 9 құс фабрикасы жұмыс істейді. Жүздесу барысында Олжас Бектенов Мемлекет басшысы шаруаларды қолдау шараларына ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Сүт-тауар фермаларын дамыту Президенттің өңделген өнім үлесін 70%-ға жеткізу жөніндегі нақты міндетіне сәйкес келеді. Мұндай жобалар азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады, қайта өңдеу үшін шикізат базасын кеңейтеді әрі ауылдық жерлерде тұрақты жұмыспен қамту ісін қалыптастырады.