Елде SHAIQAS 2026 чемпионаты өтеді
Елде ұшқышсыз жүйелер, жерүсті робототехникасы, кибертехнологиялар сынды бағыттарды қамтитын SHAIQAS 2026 чемпионаты өтеді.
Байқауды қорғаныс саласындағы инновациялық жобаларды дамытуға бағытталған Defence Tech орталығы ұйымдастырады. Бүгінде Қарулы күштерді цифрландыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. «Smart военкомат» жобасы арқылы бес айда 76 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. 15 мыңнан астам әскери қызметші сандық форматтағы медициналық көмекті пайдаланған. Сонымен қатар SARBAZ+ және Sarbaz 2.0 жобалары іске асырылып, әскерилер жасанды зият, ақпараттық қауіпсіздік, деректерді қорғау бағыттарында білім алады. Askeri Ziyat платформасында мыңнан астам әскери қызметші оқуды аяқтады. SHAIQAS-2026 чемпионаты жаңа инженерлік шешімдерді іріктейді.
Дархан Ахмедиев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
- 1 маусымнан бастап 15 маусымға дейін тіркеу өтеді. Бұл – инженерлердің арасында болатын жарыс. Дрондарды, роботтарды жақсы көретін, оларды бағдарламалайтын жас жігіттерге арналған дода. 4 этаптан тұрады. Жүлде қоры – 10 миллион теңге. Тамыз айында финал болады. Соған жас инженерлерді осы чемпионатқа қатысуға шақырамын.