Қалдықты дұрыс өңдеу – тазалық кепілі
Пайдаланылған кез келген батареяны қоқысқа тастамаңыз. Қауіпті қалдық жарылуы мүмкін.
Шіріген соң құрамындағы зиянды заттар топыраққа сіңеді. Ал кейін жерасты сулары арқылы ауызсуға араласады. Бүгін Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай журналистерге Алматыдағы қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу кәсіпорындарының жұмысы таныстырылды.
First Recycling кәсіпорны – Қазақстандағы литий-ионды батареяларды қайта өңдеумен айналысатын алғашқы компания. Кәсіпорын қауіпті қалдықтарды өңдеп, литий, никель, кобальт, марганец сияқты бағалы шикізатты қайта өндірістік айналымға енгізеді. Яғни заманауи қалалық кен өндіру орны десе болады. Мамандар химиялық тоқ көзі талапқа сай жойылмаса, қандай процесс жүретінін тәжірибе арқылы көрсетті.
Фархаджан Юнусбаев, First Recycling компаниясының техникалық директоры:
- Суға тасталған батареяларды көруге болады. Арада 15 минут өтті. Бұл су ішуге де, жуынуға да, басқа мақсаттарға пайдалануға да жарамайды. Адамдар батареяларды қолданып, қоқысқа тастағанда, оның ерте ме, кеш пе өздеріне қайта оралатынын түсіне бермейді. Яғни батарея құрамындағы зиянды заттар жер асты сулары арқылы қайтадан өзіміздің қолданысымызға түседі.
Кәсіпорындағы қайта өңдеу желісі отандық ғалымдардың ғылыми сүйемелдеуімен жасақталған. Мұнда қолдану мерзімі өткен темекі өнімдері де өңделеді. Алынған қоспа гүлдерге тыңайтқыш ретінде қолданылады. Жалпы Алматыда қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Мадияр Қожекенов, қалалық Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары:
- Қоршаған ортаны сақтауға бағытталған жұмыстар күн сайын жүреді. «Таза Қазақстан» бастамасы бойынша апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылады. Ең бастысы, әр шара тұрғындарға тазалықты өзінен бастауға, табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастыруға үндейді.
Алматының тазалығына ауқымды үлес қосып отырған тағы бір кәсіпорын – Green Recycle. Мұнда жұмысшылар күніне 1200 тонна қоқыс қабылдап, оны сұрыптап, жарамдыларын қайта өңдеуге дайындайды. Кәдеге жарамайтындары көлікке қайта тиеліп, қоқыс полигонына төгіледі.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон