Қазақстан-Ресей: атом саласындағы серіктестік
Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Ресейдің Курчатов зерттеу институты атом саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бұл рәсім Санкт-Петербургте өтіп жатқан Халықаралық экономикалық форум аясында жүзеге асты. Құжат ғылыми зерттеулерді дамытуға, мамандар даярлауға және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған. Тараптар термоядролық синтез, реакторлық технологиялар және ядролық медицина бағыттарындағы әріптестікті де нығайтуды көздеп отыр.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы:
- Қазақстан атом энегриясын бейбіт мақсатта пайдалану және ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту бағытында халықаралық әріптестікті кеңейтіп келеді. Қазір Жапониямен, Еуроодақ елдерімен және өзге де серіктестермен бірқатар перспективті жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар еліміз үшін стратегиялық маңызы бар келісімдерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, термоядролық синтез технологияларын дамыту саласында Курчатов институтымен және Біріккен ядролық зерттеулер институтымен ынтымақтастық нығайды.
Форумда Қазақстанның өнеркәсіп және тау-кен саласын дамыту мәселелері де талқыланды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстанның халықаралық ынтымақтастыққа әрдайым ашық екенін атап өтті. Әрі шетелдік компанияларды геологиялық барлау және шикізатты терең өңдеу бағытындағы бірлескен жобаларға қатысуға шақырды. Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы 6 маусымға дейін жалғасады.