Алматының туристік әлеуеті таныстырылды
Сеулде Алматының туризм күндері өтті. Қазақстандық мегаполистің көрікті жерлерімен танысуға Оңтүстік Кореяның 80-нен астам туристік компаниясының өкілдері келді.
Игі шараға қатысушылардың бірі Қазақстанның оңтүстік астанасына ұшақ билетін ұтып алды. Сеулдегі роуд-шоу қонақтарын қазақ әндерімен және ұлттық тағамдармен қарсы алды. Келушілердің көбі Алматыда бұған дейін де болған және еліміздің мәдениетімен жақсы таныс. Сеул мен Алматы арасындағы күнделікті әуе рейстері мегаполистің танымалдығын арттыра түсті. Қазіргі таңда бұл бағытта екі қазақстандық және екі оңтүстіккореялық әуе компаниясы қызмет көрсетеді. Жақында Қазақстанның ірі мегаполисі танымал «Менің кішкентай бойдақ жігітім» телешоуында көрсетілді. Сарапшылардың айтуынша, Алматы қазір ТМД кеңістігінде ғана емес, әлемдегі ең сұранысқа ие туристік бағыттардың біріне айналды.
Ли Чхон Ын, кореялық туристік компанияның директоры:
- Егде жастағы адамдар табиғатты жақсы көреді және әдетте бірден бірнеше елді аралауға тырысады. Егер олар Орталық Азияға ұшатын болса, тек Қазақстанды ғана емес, Өзбекстан мен Қырғызстанды да көргісі келеді. Сондықтан үш елді қамтитын турлар аға буын арасында өте танымал, ал тек Қазақстанға 5-6 күндік саяхатты жастар көбірек таңдайды. Дегенмен Қазақстан туристік бағыт ретінде көш бастап тұр.
Сеулдік туроператорлар Қазақстанға саяхаттау өте қолжетімді екенін атап өтті. Бес күндік тур ұшақ билетін қоса есептегенде оңтүстіккореялықтарға шамамен 2 миллион вонға түседі, ол шамамен 626 мың теңге. Туристер Алматыға көбінесе наурыз-сәуір және қазан-қараша айларында келуді ұнатады. Соңғы жылдары еліміз қауіпсіздік пен жайлылықтың арқасында саяхатшылар үшін тартымды орынға айналды.
Әсем Қозбағарова, қазақстандық туроператордың бас директоры:
- Қазіргі геосаяси жағдайды ескерсек, Қазақстан шынымен де қауіпсіз, тыныш және жаһандық қақтығыстардан алшақ аймақ саналады. Жалпы алғанда, бізде туристік өнімнің түрі өте қызықты, бұл – жаңа бағыт. Көптеген елден үлкен қызығушылық байқап отырмыз. Оның ішінде тек кореялық туристер емес, Қытай, Жапония, Үндістан, Еуропа елдері мен ТМД мемлекеттерінің өкілдері де біздің елге ерекше ықылас танытуда.
Кореяда Алматы маңындағы жаңа Алатау қаласының құрылысы туралы да естіген. Бұл мегажоба шетелдік саяхатшыларды баурап алып, жаңа туристік маршруттардың ашылуына септігін тигізеді деп күтілуде.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян