Astana Half Marathon жарысы өтті
Бүгін елордада Astana Half Marathon жарысы өтті. Осымен бесінші мәрте ұйымдастырылған іс-шараға әлемнің 30-дан астам елінен 7 мыңға жуық адам қатысты.
Олардың қатарында әуесқой спортшылар да бар. Тәуелсіздік алаңынан бастау алған жартылай марафон Сарайшық және Шәмші Қалдаяқов көшелері арқылы Астананың сол жағалауын қамтып, «Қазақ елі» монументі маңында аяқталды. Қатысушылар 21 шақырымдық жартылай марафоннан бөлек, тағы үш түрлі сайыста бақ сынады. 10 шақырымдық жүгіріс, 10 шақырымдық скандинавия жүрісі және «Экиден» команда эстафетасы бойынша өзара мықтыны анықтады. Мәреге жылдам жеткендерге естелік медаль табысталды.
Жандос Құмғанбаев, жарысқа қатысушы:
- Биыл осы марафонға төртінші жыл қатарынан қатысып жатырмын. Әдетте 21 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтемін. Осы уақытқа дейін 21 шақырымдық сегіз марафонға қатыстым. Астанадағы марафонға алғаш рет қатысып отырмын. Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Бұл марафонға қатысуымның бір себебі – мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де профессор болып жұмыс істеймін. Студенттерге білім берумен қатар, тәрбиелік мәні зор осындай іс-шараларға қатысып, жастарға үлгі көрсеткім келеді.