Жетісу облысында жазғы лагерьлер жұмысын бастады
Жетісу облысында жазғы лагерьлер жұмыс істей бастады. Биыл өңірдегі 10 мыңнан астам бала, қала сыртындағы сауықтыру орындарында тынығады.
Әлеуметтік санаттағы отбасынан шыққан балаларды демалыспен қамту мақсатында, облыс бюджетінен 454 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.
Туған өлкесін жырға қосқан жасөспірімдерге лагерьде патриоттық тәрбие беріліп, психологиялық сабақ өткізіліп жатыр. Бұған дейін олар әртүрлі зияткерлік, мәдени және спорттық сайыстарға қатысып, өзара сынға түсті.
Ақбота Болат, оқушы:
- Лагерь өте қызық. Әртүрлі іс-шаралар өтеді. Кеше мысалы, бізде «Алтын чажа» лагерьінің Ханзадасы мен Ханшайымы өтті. Сол кезде мен өз бөлімімнен шығып, бас жүлде алдым.
Сезім Жайлыбекқызы, оқушы:
- Лагерь өте керемет. Мен өте көп дос таптым. Команданың капитаны болғандықтан бәріміз дос болып жүрміз. Асхананың тамағы өте қатты ұнады. Іс-шаралар болады. Көңілімнен шығып жатыр.
Бұл - биылғы маусымда келген балалардың алғашқы легі. Жаз біткенше демалыс орнында 1800 жеткіншек тынығады.
Гүлжан Қожахметова, демалыс орнының директоры:
- Біздің лагерь спорттық-сауықтыру бағытын ұстанады. Балалардың ағылшын тілін жетілдіруімен ерекшеленеді. Сонымен қатар демалыс орнындағы әрбір оқушымен психолог жұмыс істейді. Мәдени шаралар да көптеп өткізіледі.
Жетісу облысындағы 120 мыңнан аса оқушының 90 пайызға жуығы жазғы демалыспен қамтылып, олардың қауіпсіздігі жіті қадағаланады,- дейді сала жауаптылары.
Бари Ғизатов, Білім басқармасына қарасты Ғылыми-тәжірибелік орталық директорының орынбасары:
- Әр лагерьлерде камералар орнатылған. Күзет жұмыс істейді. Балаларды тәрбиешілер қадағалайды. Одан басқа тамақ жағынан таңертеңгі тамақ, түскі ас, кешкі асты СЭС үнемі қадағалап отырады.
Балалардың жай-күйімен ата-аналар да танысып тұрады. Эльмира Иманбердиева жиен немеререлерінің хал-жағдайын біліп, көңілдегі күдігін сейілтті.
Эльмира Иманбердиева, Текелі қаласының тұрғыны:
- Біздің Текеліні кішкентай Швейцария деп атайды. Себебі керемет өзен ағып жатыр. Табиғат аясында керемет демалыс болып жатыр. Біздің балаларымыз таза ауада демалған балалар керемет мықты азамат болатынына сенімдімін. Біздің балаларымызға қатты ұнап жатыр.
Аймақта 10 жазғы лагерь бар. Соның Алакөл ауданындағысы әбден ескіріп, күрделі жөндеу қажеттігіне байланысты жұмысын тоқтатқан.
Жетісу облысында дәл осындай балалар лагерінің 9-ы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар өңірдегі 300-ге жуық мектепте оқушылардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге арналған орталықтар ашылған. Аталған мекемелерде биыл 116 мыңнан астам жеткіншекті жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдірешов