Ақмола облысында жазасын өтеушілер жұмыспен қамтылды
Ақмола облысында жазасын өтеушілердің 70 пайыздан астамы тұрақты жұмыспен қамтылған. Темір тордың ар жағында олар түрлі мамандықты меңгеріп, түрмедегі цехтарда жұмыс істеп жүр.
Көбі қарызын жауып, мемлекет алдындағы берешегін өтейді. Қазір аймақтағы түзету мекемелерінде жүздеген өнім түрі шығарылады. Кейбір өнімдер тіпті шетелге экспортталады.
Атбасар қаласындағы №1 түзету мекемесінде 638 адам жазасын өтеп жатыр. Олардың басым бөлігі абақтыдағы шеберхалар мен цехтарда жұмыс істейді.
Жазасын өтеуші:
- Келгелі бері осы промзона базасында жұмыс істеп жатырмын. Строй бригадасында. Жалақымыз тұрақты. Үйімізге көмектесіп тұрамыз. Бала шағамызға көмектесеміз. Осында келгелі колледжде оқыдым. Дипломын алдым. Сваршик бөлімінде. Қазіргі таңда сол жақта да жұмыс жасаймын. Бостандыққа шыққасын да сол мамандықпен жұмыс жасауға ниеттеніп отырмын.
Иә, сотталғандар жазасын өтеп жүріп-ақ кәсіби білім алады. Олар өндірістік тәжірибені де түзету мекемесінде өтеді. Ересек студенттер ел қатарлы дәнекерлеуші, тігінші, аспаз, темір ұстасы секілді мамандықтарды меңгереді.
Сергей Баций, Аграрлық-индустриалдық колледжінің бөлім меңгерушісі:
- Жыл сайын біз шамамен 120 адамға дейін оқуға қабылдаймыз. Олар алты мамандық бойынша білім алады. Жазасын өтеп болғасын да осы дипломдарымен кез-келген жұмысқа орналаса алады.
Жазасын өтеушілерге бірнеше жеке кәсіпкер жұмыс беріп отыр. Осылайша, сотталушының басым бөлігі еңбекке тартылған. Оларға тиісті жалақылары да төленеді.
Абай Ахметжанов, Түзету мекемесі бастығының орынбасары:
- Қазір түзету мекемесінің аумағында 9 шағын кәсіпорын бар. Жазасын өтеушілер мамандығы бойынша сонда қызмет етеді. Жалақылары уақытында төленеді.
Жақын арада түзету мекемесінде облыстық прокуратураның ықпалымен тағы бір инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Май өңдеу зауыты іске қосылса қосымша жұмыс орындары ашылмақ. Мамандар дайын өнімді Қытайға экспорттауды көздеп отыр.
Жүсіп Батырбеков, Атбасар ауданының прокуроры:
- Қазіргі уақытта құны шамамен 400 млн теңгені құрайтын заманауи жабдықтар жеткізілді. Кәсіпорын іске қосылғанан кейін қосымша 100-ден астам сотталған жұмыспен қамтылып, олардың қоғамға қайта бейімделуіне жол ашылады.
Соңғы жылдары аймақта сотталғандарды жұмыспен қамту көрсеткіші бірінеше есеге өскен. Оған жазасын өтеушілердің еңбекке деген құлшынысы мен түрлі кәсіпорындардың ашылуы себеп,-дейді жауаптылар. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, еңбек тәртіпті сақтауға ғана емес, бостандыққа шыққаннан кейін қалыпты өмірге тез бейімделуге де көмектеседі.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко