Биыл 23,8 млн гектар алқапқа егіс егілді
Елде көктемгі егіс науқаны табысты аяқталды.
Биыл елде 23,8 миллион гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл былтырғыға қарағанда 180 мың гектарға көп. Егіс жұмыстары басталғанға дейін барлық өңірде ылғал сақтау, жер жырту және егіс алдындағы өңдеу жұмыстары жүргізілді. Көктемгі дала жұмыстары кезінде 14,6 миллион гектар алқапқа дәнді дақылдар, 4,2 миллион гектар аумаққа майлы дақылдар егілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет тарапынан егіс науқандарын ерте қаржыландыру тетігі енгізілді. Бұл егіншілерге қажетті қаржы ресурстарын алдын ала тартуға, тұқым, тыңайтқыш пен техниканы алдын ала сатып алуға мүмкіндік берді. Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарына жылдық 5% жеңілдікпен 750 млрд теңге қарастырылған. Бүгінде 4,8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 573 миллиард теңгеге қаржыландырылды. Кепіл мүлкі жеткіліксіз шаруалар үшін мемлекеттік кепілдік беру бағдарламасы маңызды қолдау құралына айналды. Бағдарлама аясында шаруалар қарыз сомасының 85 пайызына дейін мемлекеттік кепілдік ала алады. Биыл республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 16 млрд теңге бөлінді.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАҚЫЛДАРЫ:
Дәнді дақылдар – 14,6 млн гектар;
Майлы дақылдар – 4,2 млн гектар;
Мал азықтық дақылдары – 1,2 млн гектар;
Мақта – 166 мың гектар;
Көкөніс дақылдары – 120 мың гектар;
Картоп – 126 мың гектар;
Бақша дақылдары – 84 мың гектар;
Қант қызылшасы – 22 мың гектар