Қазақстан–Оңтүстік Корея сауда қатынастары кеңейіп келеді

Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың даму динамикасы тұрақты. 

Былтырдың өзінде екі елдің сауда айналымы 4,4 млрд АҚШ долларын құрады. Бұны ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Сауда экономикалық және ғылыми техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Корея бірлескен комиссия отырысында хабарлады. Оның айтуынша, қос тараптың инвестициялық серіктестігі де қарқыны дамып келеді. Мәселен, соңғы 10 жылда кореялықтар Қазақстан экономикасына шамамен 8 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция құйды. Бүгінде елімізде Оңтүстік Кореяның капиталы бар 700-ден астам компания бар. Өнеркәсіп саласында сомасы 4 млрд долларға тең 46 бірлескен жоба іске асып жатыр. Енді технологиялар трансфері, баламалы энергетика, көлік және логистика төңірегінде өзара әріптестік орнату жоспарда бар. 

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Халықаралық Транскаспий көлік бағытын дамыту мәселесі ҚР Президентінің ерекше назарында. Бұл маршрут – Азия мен Еуропаны байланыстыратын дәліздің маңызды буыны. Біз Оңтүстік Корея компанияларын теңіз саласы, теңіз порты инфрақұрылымын бірлесіп дамытуға шақырамыз. Жасыл энергетика, минералдар, агроөнеркәсіп те әлеуеті жоғары бағыттар екені белгілі. Гуманитарлық қатынастар мен екі ел арасындағы тікелей әуе рейстерінің ашылуы да ынтымақтастығымызды нығайтуға едәуір ықпал етті. Қазір аптасына 20 тікелей рейс ұшады. Алатау қаласының құрылысы жобасы да қос тарап арасындағы әріптестікті кеңейтпек. Кореялық кәсіпкерлер оған белсенді атсалысатынына қуаныштымыз.