Алматыда LEZ аймағы пайда болды

Алматыда зиянды шығарындылар деңгейі төмен аумақта арнайы жол белгілері орнатылды. Мұндай жерлер LEZ аймақ деп аталады. 

Енді осындай жердің кіреберісі мен шыға берісінен ашық жасыл түсті ақпараттық тақтаны көруге болады. Бұл белгілер қандай экокластағы көліктердің жүруге болатынын білдіреді. Сонымен бірге сол автокөліктердің ауаға шығаратын зиянды қалдығының рұқсат етілген мөлшерінен хабардар етеді. Мамандардың айтуынша, әзірге бұл белгілер ЕВРО-3 және одан төмен экокластағы темір тұлпардың LEZ аймақтарда жүруіне тыйым салмайды. Бұл жаңашылдық Бөгенбай батыр, Желтоқсан, Абай, Достық көшелерін қамтиды. Пилоттық жоба цифрлық инфрақұрылымды тексеруді көздейді.

Дулат Мұратов, жоба үйлестірушісі:

- Статистика бойынша жалпы ауа ластануының 60-80 пайызы көлікке тиесілі. Пилоттық жоба техникалық мәселелерді шешуге арналған. Сондай-ақ қандай көліктердің кіретінін және олардың санын талдайды. Сонымен қатар ауаға қаншалықты зиян келтіретіні туралы деректерді жинап, оған талдау жүргізеді.