Балқашта туризмді дамыту үшін арнайы индустриялы аймақ ашылады
Балқашта туризмді дамыту үшін арнайы индустриялық аймақ ашылады.
Қонақүйлер мен демалыс орындары салынып, инфрақұрылым жаңғыртылуда. Тораңғылық және Шұбартүбек курорттық аймақтарына орталықтандырылған су құбыры тартылып жатыр. Өңірге келетін турист саны жыл санап артуда. Сондықтан сервистің сапасын аттыру керек, дейді жауаптылар.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Былтыр Балқашқа 183 мыңға жуық турист келді. Бұл 2024 жылға қарағанда 35 пайызға көп. Әсіресе мереке және демалыс күндері жағажай лық толып, келушілер орын таппаған жағдайлар жиі болды. Осыған байланысты жаңа демалыс орындары, қонақүйлер және өзге де туристік нысандар салынып жатыр.
Көл жағасында аумағы 14 гектар болатын индустриялық аймақ ашылып, инженерлік коммуникация жүргізілді. Инвесторларға жайлы бизнес орта қалыптастырып, демалыс орындарын салуға мүмкіндік берді. Аймақты абаттандыру жұмысы жалғасып жатыр.
Қарағанды-Балқаш автожолы жаңғыртылғаннан кейін жол бойындағы қызмет көрсету нысандары жабылған еді. Туристер дәмхана, жанармай құю бекеттері мен жолда тынығатын орын таппай қалды. Былтыр мереке және демалыс күндері жанармай тапшылығы да болды. Мәселені шешу үшін жол бойындағы инфрақұрылымды дамытуға жер телімі бөлінді.
Сапар Сатаев, қала әкімі:
- Бұл жерде төрт жанармай құятын автостанциялар болады, сосын екі үлкен қонақ үй болуы керек, қосымша жанында машина жөндейтін тұрақтар болады. Көлікпен адамдар шаршап келгенде демалатындай, машиналарға парковкалар болады.
Қазір Тораңғылық пен Шұбартүбекте жағажайлар абаттандырылып жатыр. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жарық бағаналары мен бейнебақылау камералары орнатылып, құтқарушылар, полиция және медицина қызметкерлеріне арналған бекеттер қойылды. Демалушылардың айтуынша, курорттық аймақ дамып келеді. Дегенмен, инфрақұрылымға қатысты шешімін күткен мәселелер де бар.
Самал Шайсұлтанова, турист:
- Мында поселоктың ішінде жолды істесе, суды тартса жақсы болушы еді. Отель, сосын пляжды дұрыстап істесе болушы еді.
Сонымен қатар Тораңғылық пен Шұбартүбекте әлі күнге дейін орталықтандырылған ауыз су жүйесі жоқ. Бұл елді мекендерге тіршілік нәрі әлі күнге тасмалданады.
Вадим Ганюков, кәсіпкер:
- Мен Тораңғылыққа 20 жыл бұрын көшіп келдім. Сол кезден бері су тасымал. Бұл әсіресе демалыс маусымы кезінде қиындық туғызады. Су шақ келмейді.
Су мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Қазір Балқаштан Тораңғылыққа дейін магистральдық су құбыры тартылып жатыр. Жоба құны шамамен 6 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстары үш жылға жоспарланған. Алдымен орталықтандырылған су Тораңғылыққа жеткізіледі, кейін Шұбартүбекке тартылады. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл жұмыстың барлығы туризмді дамытуға және демалушылар үшін жайлы жағдай жасауға бағытталған.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит