Шымкентте «Есірткісіз қала» акциясы басталды

Шымкентте «Есірткісіз қала» атты ауқымды профилактикалық акция басталды.

Шаһардың барлық аудан аумағындағы заңсыз жарнамаларды жою үшін тәртіп сақшылары мен прокурорлар, коммуналдық сала қызметкерлері мен ерікті жастар жұмылдырылды. Шара аясында түсіндіру жұмыстары қатар қолға алынып, салауатты өмір салты  насихатталады.

Ауқымды акцияның қатысушылары орталық алаңға жиналды. Мұнда полицейлер мен прокурорлар, еріктілер мен коммуналдық сала қызметкерлері бірлесіп, өзара жұмыс жоспарын пысықтады. Есірткі қылмысы мен нашақорлықтың алдын алу мақсатында заңсыз жарнамаларды жоюға кірісті.

Жансерік Жұман, қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы:

- Шымкент «Есірткісіз қала» акциясы бүгін жалпыхалықтық деңгейде бастау алып отыр. Бұл 1 айлық акция. Есірткіге қарсы қаламызда түрлі бағыттағы іс-шаралар жүргізіледі. Оның ішінде осы қаланың белсенді жастарының үлесі өте көп.

Полиция департаментінің дерегінше, биыл есірткіге қатысты 200-ден астам қылмыс тіркелген. Заңсыз айналымнан 50 келі психотроптық зат тәркіленді. Сондай-ақ заңсыз тауардың таралуын тоқтату үшін есірткі жарнамасы жарияланған 500-ден аса интернет-ресурс бұғатталды.

Арман Бейсенбаев, қалалық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары: 

- Кәмілетке толмаған жастар осы есірткі қылмысын жасап, жауапкершілікке тартылуда. Жастардың барлығы каникулда. Сол себептен алдын алу бойынша жастарды сақтандыру мақсатында осы үлкен іс-шараны ұйымдастырып жатырмыз.

Акция аясында салауатты өмір салты кеңінен насихатталды. Шараға арнайы қатысқан Біржан Жақыпов пен Арман Оспанов сияқты танымал спортшылар жастарды жат әдеттерден аулақ болуға және қоғам қауіпсіздігіне үлес қосуға шақырды.

Біржан Жақыпов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы:

- Біз спортшы ретінде әрдайым қосыламыз. Қолдаймыз. Жастарымыз нашақорлықтан аулақ болса, спортпен шұғылданса қаланың болашағы мықты болады деп ойлаймын.

Алдағы уақытта «Есірткісіз қала» акциясына қатысушы ерікті жастарды көбейту көзделіп отыр. Олар арнайы оқудан өткізіліп, синтетикалық және психотропты заттардың таралуын алдын алуға тұрақты түрде өз үлесін қосады.  

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов