Талғар ауданында қылмыс 28%-ға төмендеді
Алматы облысының Талғар ауданында қылмыс былтырмен салыстырғанла 28 процентке азайған.
Мамандардың айтуынша, криминогендік ахуал тұрақты және үнемі бақылауда. «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша профилактикалық іс-шаралар жиі жүргізіледі. Аудандық әкімдік, прокуратура мен полиция бірлесіп, «Бала бақылауда» жедел алдын алу шарасын өткізді. Рейд кезінде бірнеше құқық бұзушылық анықталып, кінәлілерге әкімшілік хаттама толтырылды.
Жыл басынан бері Талғар аудандық полиция басқармасының қызметкерлері профилактикалық іс-шаралар барысында 23 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылықты анықтап тіркеген. Түнгі рейд кезінде қоғамдық орындарда қорқор пайдаланған азаматтар мен түнгі сағат 23:00-ден кейін компьютерлік клубтарда жүрген бірнеше кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды.
Нұржан Рахметуллаев, аудандық полиция басқармасының бастығы:
- Былтырға қарағанда қазіргі таңда бізде 28 пайызға қылмыстар төмендеді. 40 пайызға мынадай қылмыстар, ұрлық, интернет-алаяқтық және бұзақылық фактілері 40 пайыздан астам төмен түсіп жатыр қазір бізде.
Жайнарбек Мыңбаев, аудан прокуроры:
- Біз жастарды қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарына белсенді түрде тартып келеміз. Ауданда “Талғар қалқаны” еріктілер жасағы жұмыс істейді. Оның құрамындағы 28 жас полиция бізге көмектесіп, үлкен нәтижие беріп жатыр.
Рейд барысында кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескертулер берілді. Сонымен қатар компьютерлік клуб иелері мен келушілерге заңсыз қорқор ұсынған дәмхана иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Таңат Айдарбеков, аудан әкімі:
«Осы бір жыл ішінде аудан аумағында қауіпсіздік камераларын орнаттық, мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Бұл қылмыстың алдын алуға және құқық бұзушылықтардың жедел ашылуына оң ықпалын тигізіп отыр».
Мамандардың айтуынша, «Бала бақылауда» жедел алдын алу іс-шарасы алдағы уақытта да жалғасады. Олар ата-аналарды балалардың бос уақытын қадағалап, заң талаптарын сақтау қажеттігін үнемі түсіндіріп отыруға шақырады.
Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов