Егістіктің 90 пайызы тамшылатып суарылады
Атыраулықтар да көп ұзамай бау-бақша өнімін жинай бастайды. Өңірде биыл 10 мың гектар алқапқа дәнді-дақыл егілген.
Егістік алқаптарының 90 пайызы тамшылату әдісімен суғарылады. Жаңа технология әрі үнем, әрі өнімде мол шығады.
Егіс алқабына Жайық өзенінен ұзындығы 3 мың метрден асатын құбыр тартылған. Шаруашылық биыл 120 гектар алқапқа картоп, сәбіз, қызылша, пияз және қауын-қарбыз екті. Ерте егілген дақылдарды 3-4 реттен суарып үлгерді. Тамшылатып суарудың пайдасын көрген егіншілер үнемдеуді меңгеріп алған.
Баһадүр Сайытов, оператор:
- Бұрынғы арықпен суару жүйесімен салыстырғанда, тамшылатып суару әдісі суды үнемдеудің өте тиімді тәсілі болып табылады. Бұл егін үшін де пайдалы. Қазіргі таңда құбыр бойындағы су қысымы ауа райына байланысты 2,5 атмосфера деңгейінде беріліп тұр. Ертең күн ысыған жағдайда қысымды 3,5 атмосфераға дейін көтереміз.
Қожалық ерте көктемде алқапқа 12 түрлі дақыл сепкен еді. Алғашқы өнім аз күнде тұтынушыға жетеді. Жаңа технологияға негізделген шаруашылық қауын-қарбыздың әр гектарынан 50 тонна, картоп пен көкөністі 20-25 тоннадан аламыз деп жоспарлап отыр.
Айдос Байниязов, агроном:
- Осы айдың соңына қарай қырыққабатымыз піседі. Сонымен қатар қауын мен қызылшамыз бар. Ал шілде айының басында картоп пен қарбыз өнімін жинай бастаймыз. Жалпы өнім жинау кезеңі осылай жалғаса береді. Негізі суды құбыр арқылы алған тиімді. Өйткені арықпен суаратын болсақ, канал толғанша түске дейін уақыт кетеді. Ал құбырмен суарудың артықшылығы – арамшөп аз шығады және жердің тұздануы төмендейді.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Құбыр арқылы жеткізілген су егіс алқабында мынадай сүзгіден өтеді. Осы арада оған тыңайтқыштар қосылады. Сосын лайфактар арқылы тікелей өскінге жеткізіледі.
Ерте көктемде облыстағы 200 ден астам егін шаруашылығы 10 мың гектардан астам алқапқа дән септі. Оның 90 пайызы жаңа технологиямен суарылады. Климаты қатал, суы тапшы өңір үшін бұл өте тиімді. Биыл қосымша 800 гектар алқапқа тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин