Қостанай облысындағы жолды жасанды интеллект зерттейді
Көліктің тозбауы, жолаушының амандығы алдымен жол сапасына байланысты.
Қостанай облысындағы автожолдың басым бөлігі жасанды интеллект жүйесімен зерттеліп, деректер электронды базаға енгізілді. Сөйтіп, қай учаскелерді жөндеу қажеттігін енді жасанды интеллект айтады. Енді алдағы екі жылда өңірдегі барлық жолды цифрландыру міндеті тұр.
Жылжымалы зертхана бірнеше камера, датчиктермен жабдықталған. Артына тіркеген қондырғысы асфальттың беріктігін, серпімділік модулін тексереді.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Жасанды интеллекпен автожолды зерттеудің басты артықшылығы асфальттың жағдайы, оның ақаулары автоматты түрде осында тіркеледі. Мысалы 100 шақырым жолдың деректерін бұрын өңдеу үшін 4 күн қажет болатын. Енді жаңа технологиямен бұл жұмыс бар-жоғы 4 сағатта атқарылады.
Владимир Завалий, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" филиалының бөлім басшысы:
- Жолдың тегістігін, беріктігін экрандағы мына мәліметтерден байқауға болады. Бұл тұста 845 мегапаскаль көрсетіп тұр. Талап бойынша асфальт, топырақ қабатының беріктігі 230 мегапаскальдан кем болмауы тиіс. Яғни автожолдың бұл учаскесі ұзақ жылдарға жарамды.
Жасанды интеллект жүйесімен зерттеу барысында жолдың техникалық жағдайы ғана емес,көлік саны,қозғалыс қарқыны тіркеуге алынып, сараланады. Оның барлығы орталық базада жинақталады. Бұл жөнделетін жол көлемін, жұмыс ауқымын, қаржы мөлшерін алдын-ала анықтап, жобалауға мүмкіндік береді.
Биыл өңірдегі республикалық, облыстық маңыздағы автожол инфрақұрылымын толық цифрландыру жоспараланып отыр. Ал аудандық маңыздағы жолдарды зерттеуге тапсырыс беруге жергілікті әкімдік асығар емес.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Үкімет тапсырмасына сәйкес екі жылда барлық автожолдар жасанды интеллект жүйесімен тексеріліп, цифрландырылуы тиіс. Ал Қостанай облысында автожолдардың жалпы ұзындығы 9 мың 200 шақырым. Соның бүгінде тек 18 проценті зерттелген.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров