Қостанай облысында екі жел электр станциясы іске қосылды
Қостанай облысында жалпы қуаты сағатына 100 мегаватт болатын екі жел электр станциясы іске қосылды.
Қазір өңірде осындай 5 станция жұмыс істеп тұр. Алдағы жылдары тағы екеуі қосылады. Бұл жобалар жүзеге асқанда облысқа қажетті электр энергиясы көлемінің 60 пайызы өңірде өндірілмек.
Жаңадан салынған екі жел станциясы Қостанай ауданының Майкөл ауылдық округінің аумағында орналасқан. Күре жолдың бойында биіктігі 100 метр 16 жел турбинасы тұрғызылды. Әрқайсысы шамамен сағатына 6 жарым мегаватт тоқ өндіреді. Әрине қуаттылық желдің жылдамдығына байланысты. Ол көрсеткіштерді заманауи технологиямен жабдықталған орталықтан мамандар бақылап отырады.
Нұрым Қадіров, станцияның бас кезекшісі:
- Операвтивті бөлме, осында подстанцияның оборудованиесін бақылаймыз. Температурасын, кернеуін қараймыз. Желдің жылдамдығын көріп тұрамыз. Желдің жылдамдығы 8-9 метр секундына болса, әр қайсысы 50 мвт-тан береді. Яғни барлығы 100 мвт болады. Егер 4-5 болса, 200 киловат әр станция беруі мүмкін. Бәрі енді желге байланысты.
Екі нысанды іске қосуға 38,6 млрд теңге инвестиция бағытталған. Қазір Қостанай облысында барлығы 5 жел электр станциясы жұмыс істеп тұр. Оның екеуі Арқалықта, үшеуі Қостанай ауданында. Олар шамамен барлығы 250 мвт электр энергиясын өндіруге қауқарлы. Сарқылмайтын табиғи қуат көзін кеңінен пайдалану үшін тағы екі жобаны жүзе асыру жоспарланып отыр.
Берік Таңжарықов, облыс әкімінің орынбасары:
- Ол келесі жылда бітетін Қостанай ауданында 100 Мвт-тық станция және де келесі жылда басталып, 2029 бітетін 1 гигаваттық электр станциямыз жоспарлы түрде бар. Ол станцияда сонымен қоса заң талаптары бойынша 300 мегаватт қуаттылығын сақтау құрылғылары болуы керек. Сонымен сол екі жоба жүзеге асырылатын болса, 60 пайызға дейін өзіміздің қолданатын электр жүйелері қамтамасыз етіледі.
Қостанай облысында баламалы энергия көздері кеңінен қолданысқа еңгізіліп жатыр. Желден тыс күн панельді және газ-поршенді станцияны іске қосу жоспарланған.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Қазақстанда 241 энергия көзі бар. Соның 160-тан астамы жаңартылған энергия нысандары. Келер жылдың көктемінен бастап, Қостанай облысында тағы бір жел электр станциясын салу көзделіп отыр. Оның қуаттылығы мына қос станциядан 10 есе артық болмақ. 360 миллиард теңгеге бағаланған жобаны 2029 жылдың соңына дейін аяқтау межеленген.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров