Astana Mining & Metallurgy 2026 - тау-кен металлургия конгресі өтіп жатыр
Астана тау-кен металлургия саласының халықаралық диалог орталығына айналды.
Бүгін елордада XVI Халықаралық «Astana Mining & Metallurgy» тау-кен металлургия конгресі — AMM 2026 өтіп жатыр. Биылғы конгреске қай елдер келді? Қандай мәселелер көтеріліп, талқыға салынбақ?
ASTANA MINING & METALLURGY - AMM 2026
Дариға Тәшенова, тілші:
- Биылғы тау-кен металлургия конгресі әлемнің 16 елінен, соның ішінде Бельгия, Ұлыбритания, Еуроодақ, Қазақстан, Канада, Қытай, Біріккен Араб әмірліктері, Сауд Арабиясы, АҚШ, Франция, Швеция, Оңтүстік Кореядан келген 1 жарым мыңға жуық делегаттың басын қосты. Іс-шара бағдарламасының аясында халықаралық деңгейдегі 190-нан астам спикердің қатысуымен 21 тақырыптық сессия және 3 мамандандырылған салалық форум өтеді. Конгреске мемлекеттік органдар, салалық қауымдастықтар мен жетекші компаниялардың ірі шетелдік делегациялары қатысып жатыр. Пленарлық отырыстың басты тақырыбы: «Жер қойнауынан интеллект шыңына дейін: Тау-кен металлургия кешенінің болашағы үшін жаһандық серіктестік». Жиында саланың технологиялық жаңғыртылуы, халықаралық кооперация, маңызды минералдарды жеткізу тізбегін дамыту, алдыңғы қатарлы цифрлық шешімдерді енгізу және тау-кен металлургия секторының инвестициялық тартымдылығын нығайту мәселелері талқыланып жатыр. Іс-шара екі күн бойы жалғасады. Бүгін ТМК-дағы инвестициялық климат, салада жасанды интеллектіні қолдану, салық салу және кейбір заңнамалық проблемалар айтылса, ертеңгі сессиялар саланың технологиялық трансформациясына арналады.
Дариға Ташенова, тілші:
- Айта кетерлігі, Конгресс бағдарламасында жыл сайын еліміздің тау-кен металлургия саласы өкілдерінің ең үздік жетістіктерін атап өтетін «Алтын Гефест» ұлттық салалық конкурсы бар. Биыл бұл сыйлық 15 аталым бойынша беріледі. Сондай-ақ дәстүр бойынша сала өндірушілері халықаралық көрме аясында өзінің үздік жаңашылдықтарын ұсынады. Биыл бұл көрмеге 69 компания қатысып отыр. Олардың ішінде 40 отандық кәсіпорын бар. Экспозиция геоологиялық барлау, пайдалы қазбаларды өндіру және қайта өңдеуден бастап, өнеркәсіпті автоматтандыру, цифрлық технологиялар сынды кең ауқымды бағыттарды қамтиды.