Елде сирек металдар өндірісі артады
Әлемде сирек кездесетін металдарға сұраныс артып келеді. Қазақстан да бұл салаға басымдық бере бастады.
Мемлекет басшысы сирек металл өндірісін дамытып, жер қойнауына қатысты бар деректі цифрландыруды тапсырған болатын.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Себебі сирек металдар мен минералдарсыз жоғары технологияларды, қорғаныс өнеркәсібі сияқты сондай стратегиялық маңызы бар салаларды дамыту мүмкін емес. Қарапайым тілмен айтқанда қазір біз игілігін көріп отырған барлық гаджеттер, ақпараттық жүйелер осы сирек металлардың арқасында жұмыс істеп тұр.
Қанат Құдайберген, тау-кен саласының сарапшысы:
- Софт, хард дейді. Екіге бөлінеді. Мысалы, бағдарламаларды жазу, оған басқа да алгоритмдерді жазу, жасанды интеллектті, оны одан кейін үйрету, ал оның бәрін ұйымдастыру үшін оның бәріне материалдық жағы керек. Материалдық жағы дегеніміз – бұл өткізгіштер, жартылай өткізгіштер. Одан кейін мәліметтерді сақтау қоймалары, жылдам мәліметтерді беру жүйесі. Осының бәрін жүзеге асыру үшін сирек және сирек кездесетін металдар керек.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Қазақстанда сирек және сирек кездесетін металдардың 70 пайыздан астамы анықталған. Алайда оны растау мен өндіру ісі кенже қалып тұр. Мамандар бұған саладағы қағазбастылық кедергі екенін айтады.
Әйгерім Әкімжанова, жобалаушы компания өкілі:
- Геологтарда тәжірибе бар. Мысалы, олар минералдарды көріп, осы жерде пайдалы қазба болуы мүмкін деп ойлайды. Бірақ қалай ол жерге лицензия алып, барлау жұмыстарын білмейді. Документтерді жинау өте қиын емес. Бірақ көп жұмыс, уақыт керек. Бүкіл документтерді жинауға маман керек. Орташа уақытпен айтатын болсақ, барлауға лицензия және өндіруге лицензия алу үшін 1-2 жыл уақыт өтіп кетеді.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Сонымен қатар сирек металдарды өндіру технологиясының күрделілігі де қолбайлау болып отыр. «Қазып алынған кеннен маңызды минералдарды бөліп алу да қиынның қиыны», - дейді мамандар.
Олжабай Смайылов, ардагер геолог:
- Кенде сирек металдар жеке жүрмейді. 90 пайыз жағдайда ол басқа бір металмен қоспа күйінде болады. Мысалы, рениий мыспен, галий-германий бокситпен бірге жүреді. Оларды ажыратып алу керек. Тіпті Екібастұздан қазып алатын таскөмірдің құрамында да сирек металдар көп. Оның күлін өңдеп те байлыққа кенелуге болады. Бірақ бізде ондай технология жоқ.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Бұл құрамында бағалы металдары бар техногендік қалдықтардың көптеп пайда болуына алып келді. Себебі кеншілер минералдық шығындыларды өңдеу үшін қаншама құжат толтырып жүргісі келмейді. Ол өз кезегінде жоғары технологиялық зертханалар ашуға деген сұранысты жойып жіберді. «Бүгінде кеншілер қарапайым әдістермен ғана шектеледі», - дейді мамандар.
Қайрат Құмарғазыұлы, технолог:
- Рентген радиологиялық сеперация дейді. Сонымен бос вольфрам мен молибденді бос пародадан алып тастау үшін сондай сеперация қолданылады. Сонда бос несі жоқ, молибдені мен вольфрамы жоқ дүниенің бәрі бөлек қалады да, вольфрамы мен молибдені бар бізге ары қарай өңдеуге қажетті дүние бөлек жиналады. Содан кейін оны бөлек-бөлек майлар арқылы ерітіндіге шығарып алады да, екеуін бөлек-бөлек алып, бірінші молибденді алады. Одан кейін ары қарай шығып кеткен раствордың ішінен вольфрамды бөліп алады. Содан молибденді, вольфрамды концентрат деген шығады. Қазақстанда біз бүгінгі күнде осымен шектеліп отырмыз.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Сондай-ақ сирек металл қорларын барлауға да көпшілік құлықсыз. Себебі құйған қаражат желге ұшуы мүмкін.
Мұхтар Қазбеков, геолог:
- Кейде бұған дейін анықталған қорлар расталмай қалуы мүмкін. Салдарынан жер қойнауын пайдаланушы шығынға батып жатады. Мұндай жағдайдың салдарын жеңілдету үшін мемлекет бірнеше механизм арқылы көмекке келе алады. Мысалы, салық мөлшерлемесін төмендетуге немесе белгілі бір мөлшерде шығындардың орны толтыруға болады. Сондай-ақ тарихи деректерге қолжетімділікті арттыру керек. Сонда кен іздеушілер есептерді зерделеп, нақты шешім қабылдаған соң ғана барып іске кіріседі. Яғни еңбек зая кетпейді.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Қазір министрлік саланы дамыту үшін мемлекеттік қолдауды күшейтіп келеді. Жер қойнауын пайдалу лицензиясын алу тетіктері жеңілдеп, кеншілерге қаржылай қолдау көрсетілмек.
Шерхан Темір, ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитетінің өкілі:
- Былтыр Қазақстанның Даму банкі 25-30 жылдарға арналған 1 млрд доллар көлеміндегі бағдарламаны іске қосқан болатын. Ол жоба көлемі 5 млрд теңгеден асатын 20 жыл мерзіммен қаржыландыруды көздейді. Оның ең басты талабы – джорк стандартына расталған қордың сәйкес келуі.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Бірақ саланы дамыту үшін қаржылай қолдау көрсету жеткіліксіз. Өндіріс пен ғылымның басын қосу керек дейді мамандар. Дегенмен кейінгі жылдары елге халықаралық компаниялар келіп, өндіріс орындарын сала бастады. Бұл сөзсіз саланы дамытады. Бірақ инвесторлар үшін түсінікті құқықтық база, тұрақты салық саясаты маңызды екенін ұмытпаған жөн.