«Марко Поло, София»: Астанада екі көшеге жаңа атау берілді

Фото: depositphotos.com

Астананың Нұра ауданында жаңа көше атаулары пайда болады. Мұндай шешімді қала билігі қабылдады, деп хабарлайды «24KZ».

Елорда әкімдігінің қаулысымен жобалық атауы Е-754 көшесіне София атауы беріледі.

Бұған дейін атауы болмаған, Тұран даңғылынан Қабанбай батыр даңғылына дейінгі «Астана Арена» стадионы мен «Алау» мұз айдыны сарайының арасында орналасқан тағы бір көшеге Марко Поло есімі беріледі.

Шешім қабылданғаннан кейін Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына барлық қажетті рәсімдерді жүргізу тапсырылды.

Атап айтқанда, құжат Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне жіберіледі, ал ресми жарияланғаннан кейін Астана әкімдігінің сайтында орналастырылады.

Жаңа атаулар құжат алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң өз күшіне енеді.

Еске сала кетейік, әйгілі жиһанкез Марко Поло Еуразия халықтарының тарихын зерттеуге елеулі үлес қосып, қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген бабаларымыз туралы маңызды мәліметтер қалдырған.

Ал Е-754 көшесіне Болгария астанасының құрметіне София атауы берілді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз