Биыл елде 11 мың шақырымнан астам жол салынады 

Тіршіліктің күретамыры саналатын жол – кез келген елдің дамуының басты көрсеткіші. Кейінгі жылдары салада серпіліс байқалады. Биылғы жоспар қандай?

«Елдің жайын жолының жағдайына қарап таны» деген нақыл сөз бар. Расында кейінгі жылдары салада ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Оған көз куә. Алдымен ел аумағындағы жолдардың жалпы жай-күйіне тоқталсақ. Елде 70 мың шақырым жергілікті, 25 мың шақырым республикалық жол бар. Бүгінде өңір мен өңірді қосатын жолдардың 94 пайызының жағдайы қанағаттарлық және жақсы деп бағаланып отыр. Мамандар жыл соңына дейін көрсеткіш 95 пайызға жететінін айтады. Ал жергілікті жолдардың сапасын 91 пайызға дейін арттыру міндеті тұр. Ол үшін биыл барлығы 11мың шақырым жол салынады. Соның 4 мың шақырымға жуығы жаңа құрылыс болса, 5 мың шақырымы күрделі және орташа жөндеумен қамтылады. 

Мейірхан Бекесов, ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің бас сарапшысы:

- «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің «Ақтөбе – Ұлғайсын» және «Ұлғайсын – Қызылорда» бағыттары бойынша техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып жатыр. Жыл соңына дейін мердігер ұйымды анықтау жоспарланған. «Ақтөбе – Ұлғайсын» бағытындағы жолдардың жағдайы айтарлықтай нашарлаған. Осы учаскедегі жұмыстарды 2029 жылға дейін жалғастыру көзделіп отыр. Батыс өңіріндегі ірі жобаларға тоқталсақ, «Атырау – Орал» бағыты бойынша орташа жөндеу жұмыстары, «Атырау – Доссор» бағыты бойынша реконструкция жұмыстары, сондай-ақ «Доссор – Құлсары» бағыты бойынша орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Ірі елді мекендерді айналып өтетін жолдарды жаңғыртуға назар аударылады. Атап айтқанда, Сарыағаш, Қызылорда, Петропавл және Рудный қалаларының айналма жолдары бойынша жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Рахман қайнарларына апаратын жолды, Петропавл-Ресей секілді шекаралық және туристік бағыттарды дамыту жұмыстары жалғасады.

Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ҰК ресми өкілі:

- Биыл енді басты мақсатымыз еліміздегі жаңа өңірлерді байланыстыратын жобалардың құрылысы. Жаңарту жұмыстары бастау алды. Атап өтер болсақ, Сарыағаш қаласының айналма жолы, Қызылорда қаласының айналма жолы, сондай-ақ осы айдың соңына дейін Қарағанды-Жезқазған жолының құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ осы уақытқа дейін Мемлекет басшысының бастамасымен басталған Транскаспий дәлізі жалғасады. Биыл Бейнеу-Сексеуіл, Қызылорда-Сексеуіл бағытындағы жолдардың құрылысы басталады. 

Халық көп күткен жобаның бірі – «Қарағанды-Жезқазған» тас жолы. Күре жол алдағы төрт жылда адам танымастай кейіпке енеді. Яғни ескі жолдың қапталына төрт жолақты жаңа жол салынады. Ауқымды жобаның маңызына Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда тоқталған болатын. «Қарағанды-Жезқазған» жолы  маңызды көлік дәлізі. Елдің оңтүстігі мен солтүстігін жалғайтын ең төте жол. Оны қайта жаңғырту бірнеше жылдан бері көтерілгенімен аяқсыз қалып келді. Енді міне көптің көлігін бұзып, төзімін тауысқан жолдың жайы толық шешілетін болды. 

Жолдың тарихына үңілсек, «Қарағанды-Жезқазған» тасжолы 1965 жылы салынған. Содан бері жібі түзу жөндеу көрмеген. Жалпы ұзындығы 572 шақырым. Бұл жоба Орталық Қазақстанға ғана емес, жалпы еліміздің транзиттік әлеуеттін дамытуда айрықша маңызға ие. 

Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ҰК ресми өкілі:

- Өте маңызды күре жол. Себебі біз «Қызылорда-Жезқазған» жолының Қызылорда бөлігін аяқтадық. Биыл жылдың соңына дейін Ұлытау облысы бойынша негізгі жұмыстарды аяқтап, қозғалысты ашуды жоспарлап отырмыз. Сәйкесінше, Қарағанды мен Жезқазған арасындағы жолдың құрылысы аяқталғаннан кейін Астанадан тікелей Қызылордаға дейін баратын жол болады. Бұрынғыдай азаматтар Астанадан Алматы бағытында емес, оңтүстікке одан ары қарай Ақтөбе, Бейнеу-Сексеуілге дейін жол қысқарады.

Бұл трассамен тәулігіне 7 мыңға дейін көлік өтеді. Мамандар осы аралықта көлік қозғалысына еш кедергі болмайтынын айтып отыр. Тұрғындар әзірше ескі жолмен емін-еркін қатынай береді. Сабақты ине сәтімен болса, көптен күткен құрылыс 2029 жылы толықтай аяқталып, ел игілігіне тапсырылады. 

Саланы цифрландыру жұмыстары да қарқын ала түсуде. Келер айда e-Joldar бірыңғай цифрлық жүйесі іске қосылады. Аталған жүйенің мақсаты ел аумағындағы жолдарға  қатысты барлық ақпаратты бір ортаға шоғырландырып, қоғамдық бақылаудың ашықтығын қамтамасыз ету. 

Мейірхан Бекесов, ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің бас сарапшысы:

- Кез келген адам e-жолдар арқылы жолдағы ақауларды және т.б. мәселелерді көріп, жаза алады. Сондай-ақ халық тарапынан «бір құрылысты, бір жолды неге қайта-қайта жөндей бересіздер?» деген уәждер жиі айтылып жатады. Сол жолдың соңғы рет қай жылы жөндеуден өткені туралы мәліметтер оның паспортында тіркеледі.

Авторы: Назерке Тоқжан