Түркістанда су қоймасының құрылысы биыл аяқталады
Түркістан облысында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы аяқталуға жақындады. Сыйымдылығы 68 млн текше метр болатын нысанды жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған.
Су қоймасы Бөген өзенінің көктемгі ағынын жинап, вегетациялық кезеңде қосымша су қорын пайдалануға мүмкіндік береді. Нысан 9,7 мың гектар суармалы жерді қосымша тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге көмектеседі. Көктемде жиналған суды ауыл шаруашылығы қажеттілігіне бағыттауға мүмкіндік молайды. Биыл Төле би ауданында да сыйымдылығы 1,2 млн текше метр болатын «Қарақуыс» су қоймасы салынып бітеді. Үкімет су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту саласында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр.