«Шу–Қайнар» тасжолы жаңғыртылып жатыр
«Шу–Қайнар» тасжолын жаңғырту жұмыстары қайта жанданды. 2022 жылы басталған құрылыс бір жылдан кейін тоқтап қалған еді.
Тапсырыс беруші мердігермен соттасып жүргенде құрылыс мерзімі ұзарып кетті. Жауаптылар республикалық маңыздағы күрежолды келесі жылы пайдалануға береміз деп отыр.
Қайнар ауылынан Шуға баратын жалғыз жол осы. Қоғамдық көлік жүрмейді, тұрғындар аудан орталығына таксимен қатынайды. Шаңы шығып, тақырға айналған жолдың жөнделмегеніне 50 жылдан асты. Ой-шұңқыры көп жолдың бойында көлік жиі бұзылады.
Нұрлыбай Әбдібаев, жүргізуші:
- Мынадай көліктермен қазір қиын болып кетті. Қосалқы бөлшектерді алу да қымбат. Мұны қазір бәрі айтып жатыр, таксисттер де солай дейді. Өзіміз жөндеуге мәжбүрміз. Не істейміз, амал жоқ, жүруге тура келеді. Ақша табу керек.
Республикалық маңызы бар жолдың бұл учаскесінде жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталған еді. 19 миллиард теңге бөлініп, басында құрылыс қарқынды жүрді. Алайда жыл өтпей тоқтап қалды. Мердігер жұмыстың небәрі 10 пайызын орындап, құрылыс алаңын тастап кеткен.
Мерей Бает, тілші:
- Шу-Қайнар тас жолындағы жөндеу жұмыстары биыл аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда бұл жұмыстар тағы бір жылға шегеріліп отыр. Сондықтан небәрі 50 шақырымнан асатын жолды, жүргізушілер 2 сағат жүріп өтуге мәжбүр.
«ҚазАвтоЖол» компаниясы міндетін орындамаған мердігерді сотқа берген. Құрылыс компаниясы жосықсыз деп танылып, айыппұл салынды. Құрылысты жалғастыру үшін жауаптылар былтыр жаңа мердігермен келісім жасады. Қазір құрылыс жалғастырып жатыр.
Дәурен Әмренов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары:
- Жолдың төсемі екі қабат болып күшейтілді. Жалпы қалыңдығы – 60 сантиметр. Жоғарғы қабаты 6 сантиметрлік тығыз ұсақ түйіршікті асфальтбетоннан тұрады. Төменгі қабатының қалыңдығы – 9 сантиметр. Бұдан бөлек, 30 сантиметрлік құм-қиыршықтас қоспасы және 25 сантиметрлік қиыршықтас-құм қоспасы төселеді. Бұл жол халықаралық стандарттарға сай болады.
Жоба аясында жол жаңғыртылып, өткелдер құрылысы кезең-кезеңімен жүргізіледі. Қазір құрылыс алаңына 115 техника мен 160 адам жұмылыдырылған. «Бұл жолы мерзімінде тапсырамыз», - дейді жауаптылар. Жалпы биыл елімізде 11 мың шақырымнан асатын тасжол жөнделеді. Жобаға сәйкес 5 мың шақырым жол күрделі және орташа жөндеуден өтеді.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә