Энергетикалық қауіпсіздік артады

Атырау облысында Батыс Қазақстанның энергия жүйесін еліміздегі Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне қосатын стратегиялық жоба қарқынды жүзеге асып жатыр. 

Осы арқылы еліміздің батысындағы өңірлер алғаш рет ортақ жүйеге бірігеді. Жоба құны 208 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары 2027 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған.

Жоба аясында 500 киловольттық «Қарабатан» қосалқы станциясы салынды. 500 киловольттық «Өлке» қосалқы станциясы жаңғыртылып жатыр. Құрылысқа қажетті жоғары вольтты жабдықтар, соның ішінде автотрансформаторлар, реакторлар, элегазды ажыратқыштар жеткізілген. Сонымен қатар екі нысанды жалғайтын жоғары кернеулі «Өлке-Қарабатан» электр жеткізу желісі тартылып жатыр. Бүгінге дейін 4 156 тірек орнатылып, 619 металл тірек монтаждалды. 

Бейбіт Бағытов, «Kegoc» АҚ Батыс жүйеаралық электр желілері филиалының бас инженері:

- Бұл жоба аясында Қазақстанда өндірілген өнімдерге аса көңіл бөлінген. Бұл жобаның іске асырылуы Батыс Қазақстан өңірінің электр энергия жүйесін Бірыңғай Қазақстан электр энергиясы жүйесіне байланысын қамтамасыз ету бұл осы өңірдің экономикалық дамуына өте үлкен зор үлес қосады.

Жобаға қазақстандық мердігерлер мен отандық кәсіпорындар тартылған. Мамандардың айтуынша, жаңа энергетикалық дәліз іске қосылғаннан кейін ұлттық электр желісінің тұрақтылығы артып, өңірлер арасындағы энергия алмасу мүмкіндігі кеңейеді.

Константин Чернохаев, «Kegoc» АҚ Батыс жүйеаралық электр желілері филиалының директоры:

- Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары Қазақстанның Бірыңғай энергетикалық жүйесінен оқшау орналасқан. Ал осы ірі жоба қолда бар энергетикалық қуатты Батыс өңірде де, жалпы ел бойынша да тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде Қарабатан қосалқы станциясына өндірістік нысандардан өтінім түсіп отыр. Олардың қатарында арнайы экономикалық аймақ, өнеркәсіптік кәсіпорындар бар.

«Бұл жоба елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, өнеркәсіп, бизнес және әлеуметтік инфрақұрылымның одан әрі дамуына серпін береді», - дейді сала мамандары. Ал еліміздің батысындағы өңірлер үшін бұл энергия жүйесінің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашатын маңызды жоба болмақ. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов