Әлемді бір дөңгелекті велосипедпен шарлаған саяхатшы Алматыға келді
Алматыға әлемді бір дөңгелекті велосипедпен шарлап жүрген саяхатшы Шахриёр Азизов келді.
Ол соңғы бір жарым жыл ішінде сегіз елді аралап үлгерген. Қазірдің өзінде жиһанкез алты мың шақырымды еңсерді. Оның ерекше сапарын әлеуметтік желіде 200 мыңға тарта адам бақылап отыр.
Саяхатшы өзінің уницикліне «Барбос» деп ат қойған. Ерекше велосипедті үш күннің ішінде жүргізіп үйренген. Сапары 2024 жылдың күз айында Стамбул қаласынан басталады. Қазір Азия арқылы Шығысқа қарай жол тартып келеді. Шахриёр Азизов бұл саяхаты арқылы жұрттың назарын аударуды көздейді. Ол жолға қажеттінің бәрін өзімен алып жүреді. Далада қонуға арналған шатыр, ұйықтайтын қабына дейін бар. Алайда далада сирек түнейді. Жолында кездескен қонақжай адамдар оны үйіне қондырмай жібермейді.
Шахриёр Азизов, саяхатшы:
- Жолға шыққалы 579 күннің ішінде мен шатырда небәрі 12 рет түнедім. Көбіне мен кездестірген адамдар үйіне шақырады. Әсіресе Қазақстан халқы қонақжай, көңілі дархан. Барын бөліп береді. Жалпы қай елге барсам да, мені өздеріне жақын көреді.
Жиһанкездің айтуынша, сапар барысында көп адаммен кездескен. Бәрі оған жігер беріп, сәт сапар тілеген. Әсіресе Қазақстанда көмектесксі келген бейтаныс жандардың қарасы қалың. Олар оның қайдан келе жатқанын сұрап қызығушылық танытқан. Бірі ыстық тамақ ұсынса, енді бірі қонуға үйіне шақырған. «Көлікпен жүргендер де бейжай қарамай, су беріп кетті. Осының өзі үлкен қолдау болды», - дейді.
Шахриёр Азизов, саяхатшы:
- Мен үнемі айтып жүремін. Қазақтар бұрын көшпелі халық болғандықтан, сапардың қыр-сырын жақсы біледі. Олар менің қашан суға, қай кезде тамаққа мұқтаж екенімді сезетіндей көрінеді.
Шахриёр өз басынан өткен оқиғаларды әлеуметтік желіде бөлісіп отырады. Бейнетүсірілімдері өте көп қаралым жинайды. Одан жолда кездескен жандардың аз болса да жақсылық жасауға ұмтылғананын байқауға болады. Алайда саяхатшы арада түсініспеушілік болатынын да жасырмайды. Дегенмен ондай кездер сирек. Қазір оның ерекше сапарын 200 мыңға жуық оқырманы бақылап отыр. Ал әлеуметтік желідегі жалпы қаралымы 40 миллионнан асты.
Әсел Әбдіреш, қала тұрғыны:
- Маған оның батылдығы қызық болды. Мен оның парақшасына сол себепті жазылдым. Бір ғана дөңгелекті велосипедпен әлемді аралау оңай емес. Әрі қауіпті тұсы да бар. Контенті өте қызық. Сондықтан бақылап отырамын. Оның сапары мені саяхаттауға шабыттандырады.
Саяхатшының айтуынша, жол тегіс болса, унициклмен сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүруге болады. Ауа райының қолайлы болуы да маңызды. Оның орташа жылдамдығы сағатына 13 шақырым. Жиһанкез артта Түркия, Грузия, Армения, Иран, Ауғанстан, Өзбекстан және Тәжікстан сияқты елдерді қалдырған. Енді оның бағыты Қазақстан арқылы Қытайға қарай жалғасады. Алдағы уақытта Австралия, Солтүстік Америка және Еуропаға дейін жетемін деген жоспары бар.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Индира Унгарбаева, Мұхит Құдықбаев