Елде 86 мың шақырым коммуналдық желі жаңғыртылады

Елде Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту аясында 86 шақырым желі жөндеуден өтеді. 

Оған ұлттық жоба шеңберінде 6,8 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгінгі қоғамдық кеңесте Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы мәлімдеді. Тимур Қосымбаев елде 2023 жылдан бастап 19 мың шақырымнан астам инженерлік желі жөнделгенін айтты. Нәтижесінде инфрақұрылымның тозу деңгейі жыл сайын шамамен 3 пайызға төмендеп келеді. Бұл жобаның басты мақсаты – ескірген желілер мен құрал-жабдықтардың үлесін 40 пайызға азайту. Сондай-ақ мемлекет халыққа түсетін қаржылық жүктемені барынша төмендету үшін барлық қажетті шараны қабылдамақ.

Тимур Қосымбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы:

- Тарифтерді өзгерту жұмыстары кезең-кезеңімен және теңгерімді түрде жүргізіледі. Тұрғындар мен кәсіпорындар үшін коммуналдық қызмет құны әртүрлі болады. Мысалы, азаматтар үшін электр энергиясының бағасын төмендету тетіктері қарастырылған. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар үшін жергілікті әкімдіктерден қолдау шаралары іске қосылады. Тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар жандар тұрғын үй көмегін ала алады. Бұл жәрдемақы, егер коммуналдық қызмет шығындары отбасы табысының белгіленген шегінен, яғни 5-10%-дан асып кетсе, шығынның бір бөлігін өтеп береді.