13 адам террористік қылмыс жасағаны үшін сотталды
Соңғы 2 айда террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 13 адам әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабаралады. Сотталғандардың бірі Астана қаласының тұрғыны. Ол әлеуметтік желілерде террористік идеологияны насихаттаған, сондай-ақ айналасындағыларды террористік белсенділік аймақтарына шығуға үгіттеген. Сот шешімімен ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Екіншісі Шымкент қаласының тумасы. Ол Қазақстанда теократиялық мемлекет құруға шақырып, терроризм идеяларын таратқан. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Осы кезеңде тура осындай қылмыс жасады деген күдікпен 11 адам ұсталды. Оның ішінде 2 шетелдік және шетелден экстрадицияланған 3 Қазақстан азаматы бар.
Қайырлы Ахмет, ҚР ҰҚК ресми өкілі:
- Олар ғаламторда және өз айналасында экстремисттік материалдарды таратты. Террористік белсенділік аймақтарына шығуға және өздерінің ұстанымдарымен келіспейтін адамдарға қатысты зорлық-зомбылыққа шақырды деп күдіктелуде. Қылмыстық кодекстің тиісті баптарында сотқа дейінгі тергеп тексерулер жүргізілуде.