«Оларды тірі етіп көрсетуге тырыстым»: сотта Сәрсемәлиев қылмысты қалай жасырғанын айтты
Атырау облысы Жангелдин ауылында болған көпшіліктің жағасын ұстатқан қылмысқа қатысты сот отырысында жаңа мән-жайлар айтылды. Айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев қылмыстан кейін марқұмдардың үйінде қалыпты өмір жалғасып жатқандай әсер қалдыру үшін арнайы әрекеттер жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Оның айтуынша, шешім қабылдағаннан кейін қылмыстың ізін жасыру жолдарын алдын ала ойластырған.
«Менің алдымда үш таңдау тұрды: өзім өлу, балаларды беру немесе өлтіру. Шешім қабылдағаннан кейін іздерді қалай жасыратынымды егжей-тегжейлі ойластырдым. Мобильді қосымшадағы төлем тарихын қарап, жеке шоттарды тауып, су, газ және жылу есептегіштерінің көрсеткіштерін жазып алдым. Осылайша үй иелері әлі де үйде жүргендей көрініс жасағым келді», – деді айыпталушы.
Іс материалдарына сәйкес, кісі өлтіруден кейін Сәрсемәлиев марқұм Наурыз Мұқанғалиевтің атынан электр энергиясы, су және газ есептегіштерінің көрсеткіштерін жіберіп отырған. Тергеу мәліметінше, бұл әрекеттер үйде қалыпты тіршілік жалғасып жатқандай әсер қалыптастыру үшін жасалған.
Сотта белгілі болғандай, коммуналдық қызметтердің төлемдерін ол қайын атасы Мақсот Қарабалиннің интернет-банкингі арқылы жүргізген.
Тергеу нұсқасы бойынша, айыпталушы марқұмдардың үйінен үш жеке куәлікті, үш банк картасын, екі алтын сақинаны және жасырын жерде сақталған шамамен 60–70 мың теңгені алып кеткен. Сондай-ақ банк карталарының құпия сөздері жазылған қағаз бен қайын енесіне тиесілі батырмалы телефонды да өзімен бірге алып шыққан.