Ақтаудан Қызылордаға әуе рейсі ашылды
Ақтаудан Қызылордаға тікелей әуе рейсі ашылды. Ұшақ аптасына екі рет, яғни сәрсенбі және сенбі күндері қатынайды. Жоба қос өңірдің туристік әрі іскерлік байланысын күшейтуді көздейді.
20 маусымнан бастап Қызылорда өңірінен Ақтауға ұшақ қатынайды. Маңғыстауға тікелей рейсті «Boeing» әуе кемесі орындайды. Кестеге сәйкес ұшақ Қызылорда әуежайына күндізгі сағат 16.00-де қонып, бір сағаттан соң кері ұшады. Жалпы, осы айда Ақтаудан Батуми және Екатеринбург бағытында рейс ашылады деп күтіледі.
Мамандардың айтуынша, жаңа бағыттағы әуе рейсі арасы алыс өңірлер арасында көлік қолжетімділігін айтарлықтай арттырады. Тұрғындардың уақытын үнемдеп, әрі туристік ағынының өсуіне жол ашады.
Асылбек Нұрмұханов, Жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының бөлім басшысы:
- Бұл бағыт екі өңірді байланыстыратын негізгі әуе рейстерінің бірі. 2025 жылы Ақтау қаласынан Көкшетау қаласына әуе рейсі ашылды. Сонымен қатар алдағы уақытта Петропавл, Өскемен, Тараз қалаларына да Көлік министрлігі тарапынан ашу жоспарланып отыр. Маңғыстау облысының әкімдігі тарапынан ұсыныс жолданды.
Ақтаудан батыс аймақтарға, сондай-ақ Астана, Алматы, Қарағанды, Түркістан және Шымкентке күнделікті ұшақ қатынайды. Маңғыстаудың әуе қақпасы арқылы Түркия, Иран, Армения, Грузия, Әзербайжан, Ресейден бөлек Дубай, Үрімші, Нүкіске саяхаттауға болады. Кері бағытта қатынайтын жолаушылар саны да жыл сайын өсуде. Соңғы жылдары өңірге Қытай, Еуропадан туристер көптеп келіп жатыр.
Торстен Видеман, турист:
- Маңғыстаудың танымал көрнекті орындары мен жерасты мешіттерін көру үшін арнайы келдім. Жүрдек көлік жалдап, Форт-Шевченкоға бардық. Теңіз жағасындағы шағын елдімекен маған ашық аспан астындағы музей секілді көрінді. Өлкеге сапарым енді Тұзбайыр жерінде жалғасады.
Әйгерім Болат, турагенттік қызметкері:
- Тұзбайырдың беті тұз. Кішігірім су, жаңбыр жауса, беті айна секілді аспандай жылтырайды. Оны шын өмірде көрген бөлек, телефоннан көрген бөлек. Одан бөлек бізде Бозжыра мен Қызылкүпке көбінесе джип-турмен шығады.
Биыл Маңғыстау облысына жарты миллиондай турист келеді деген болжам бар. Былтыр 450 мыңға жуық саяхатшыға жалпы құны 20 млрд теңгеден асатын қызмет түрлері көрсетілген. Қазір өңірде 22 туроператор 249 туристік бағыт бойынша қызмет ұсынады.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2025-2029 жылдарға арналған «Маңғыстау» туристік аймағын дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Оның аясында 2 жоба жүзеге асуда. Бірі Ақтаудың іргесіндегі «Солдат» жағажайы. Екіншісі, біз тұрған теңіз жағалауы. Ұзындығы 4,5 шақырым болатын жағажай инфрақұрылымын жақсартып, қолайлы әрі қауіпсіз демалыс орнына айналдыруға инвестор қомақты қаржы жұмсауға ниетті.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев