Қызылорда облысында жасанды тоған көбейді
Қызылорда облысының Қазалы ауданында 30 жыл қараусыз қалған жасанды тоған жаңғыр-тылды. Суы құрғап, табанын жыңғыл басып, тіршілік белгісі қалмаған еді.
Тоғанды жаңғыртқан шаруашылық, балық өсіретін заманауи кешен салды. Жалпы, облыста соңғы 1 жылда жасанды тоған екі есе көбейген.
Мына тоғанның аумағы шамамен 80 гектар болады және бұл жерде 1800 дана сазан балығы өсірілуде. Оған күн сайын мынадай 5 тонна жем шашылады және бұл жемнің құрамында 20-дан астам балыққа қажетті дәрумен бар, - дейді мамандар.
Шаруашылық тек балық өсірумен шектелмей, дернәсілді де жергілікті жерде шығаруды жоспарлап отыр. Қазір Қарағанды мен Тараздан тасымалдайды. Ол үшін инкубациялық цех салынады. Одан бөлек, балықты автоматты түрде аулауға арналған арнайы «балық жинақтағыш» жүйесі құрылады.
Ертеай Бөгенбаев, технолог:
- Суы түбіне дейін түсіріледі де, ар жағынан таза су беріп қойған кезде бүкіл балық соған кіреді. Сөйтіп тормен жабылады, сосын балалар алып, өзінің ыдысы бар арнайы, соған салып, кранмен көтеріп, балық таситын машиналарға салады. Сонымен қыстаққа апарып саламыз, қыстатамыз. Сол жерден сатылымға кетеді.
Ауқымды жобаны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қолдау болды. Ауданның оңтүстік беткейіндегі Басқара ауылдық округінен 464 гектар жер телімі беріліп, электр желісі тартылды.
Алмасбек Есмаханов, аудан әкімі:
- Биылғы жылы 500 тонна тауарлы балық өндіруді жоспарлап жатырмыз. Өткен жылы 400 мың шабақ осы тоғанға жіберілсе, жақында ғана 6 миллион шабақ тоғанға жіберілді. Жалпы жоба іске қосылғанда жылына 1000 тонна тауарлы балық өндіретін боламыз. Бүгінгі таңда аталған жоба аясында 15 адам жұмыспен қамтылған. Жоба толық іске қосылғанда 30 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Биыл өңірдегі балық тоғандарының саны екі есеге жуықтап, 28-ге жетті. Саланың жандануына мемлекеттік қолдау айтарлықтай серпін берді. Биыл тауарлы балық өсірумен айналысатын кәсіпкерлерге 11 миллион теңгеге жуық субсидия төленді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев