Тарихи кешенде халықаралық симпозиум өтті
Қарағанды облысында «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті: Ұлы даланың құпиялары – Талды» атты халықаралық симпозиум өтті.
Ғылыми-танымдық шараға Қазақстан, Түркия, Германия, Венгрия және Ресейдің археологтары мен антропологтары келді. Олар ежелгі ескерткіштерді зерттеудің жаңа әдістерін, археологиялық мұраны сақтау мәселелерін және халықаралық ынтымақтастықтың келешегін бірлесе талқылады.
«Талды» тарихи-археологиялық кешені симпозиум алаңы ретінде кездейсоқ таңдалған жоқ. Мұнда қола дәуіріне жататын әйгілі археологиялық ескерткіштердің бірі - Қаражартас пирамидасы орналасқан. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейдің айтуынша, мұндай ескерткіштер Ұлы дала өркениетінің бастауын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Әлібек Әлденей, облыс әкімінің орынбасары:
- Технология адамзат өмірін түбегейлі өзгертіп жатқан кезеңде қоғамның тарихи тамырға деген қызығышулығы артып отырғаны кездейсоқтық емес. Тарих біздің кім екенімізді түсіндіреді. Мысыр Пирамидалары Ніл өркениетінің символына айналса, Сарыарқада сақ қорғандары ұлы дала өркениетінің ауқымы мен тереңдігін әлемге танытты.
Симпозиум жұмысы археология, антропология, палеоботаника және археометрия бағыттары бойынша тақырыптық секцияларда жалғасты. Ғалымдар көне артефактілерді зерттеудің заманауи әдістерін, адамдардың келбетін қалпына келтіру тәжірибесін және қазба материалдарын зерделеу тәсілдерін таныстырды. Түркияның Газиантеп университетінің ғалымы Назлы Акбас осы Талды археологиялық кешенінде табылған адам қаңқаларына жасалған антропологиялық зерттеу қорытындысын алғаш рет жария етті.
Назлы Акбас, антрополог ғалым:
- Бұл кешендегі қорымдардың бірінде бірге жерленген екі адамның қаңқасына антропологиялық зерттеу жүргіздік. Бірі ер, екіншісі әйел адам екені анықталды. Қорым сол замандарда тоналған, бірақ адам қаңқаларына зақым келмеген. Сүйектері осы күнге дейін жақсы сақталған. Ер адманың жамбас, бел және мойын омыртқа сүйектерінде өзгерістер бар. Бұл үнемі ат үстінде үзеңгісіз жүргеннен болады. Сүйектерінің беріктігінен табиғи таза тағам тұтынғаны байқалады.
Симпозиум аясында ғалымдар тарихи-археологиялық парктің нысандарын аралап, соңғы қазба жұмыстарының нәтижелерімен танысты. Сонымен қатар халықаралық бірлескен зерттеулердің болашағы талқыланып, меморандумдарға қол қойылды.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит