Етікші мамандығын меңгерген мүгедек жан жеті жыл бойы кәсіппен айналысып келеді

Абай облысында мүгедектігі бар 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Көбі кәсіптік бастамаларын жүзеге асырып келеді. Солардың бірі Ақсуат ауданының тұрғыны Аманғали Сәдуақасов. Тағдыр артқан қиындыққа мойымаған ол ілгері күнге үмітпен қарап, өмір сүріп келеді. 

Аманғали Сәдуақасов аяқ киім жөндеумен айналысып жүргеніне жеті жылға жуықтаған. Бұған дейін ол аудандық аурухананың шаруашылық бөлімінде еңбек етіп, мал шаруашылығымен де айналысқан. Алайда 2006 жылы денсаулығы сыр беріп, аяқтары әлсірей бастайды. Бірнеше мәрте медициналық тексеруден өтіп, ем қабылдағанымен сырқаты асқынып, ақыры мүгедектер арбасына таңылады.

Аманғали Сәдуақасов, етікші:

- Сау кезімде үйдегі аяқ киімдерді тігіп ашылған жерлерін клейлеп сөйтіп алатынмын. Содан әрі қарайда осы халыққа пайдам тисін деп, бала шағамды асырайын деп кәсіппен айналысқалы 6-7 жыл болды бүгінгі таңда. Енді коляскіге отырып жата беруге болмайды ғой.

Бүгінде ауыл тұрғындары оны жақсы таниды. Шебер күніне екі-үш жұп аяқ киімді жөндейді. Ал қыс мезгілінде тапсырыс көлемі едәуір артады. Бүгінде шебердің  қызметіне жүгінетіндердің қатары көбейіп келеді. Тағдырдың қиын сынағына мойымай, еңбек арқылы өз орнын тапқан азаматтың қайсарлығы бүгінде көпке үлгі, дейді ауылдастары.

Бибігүл Сарқұлова, Ақсуат ауылының тұрғыны:

- Аманғали балаға көшеде аяқ киімім кішкене ашылып тұрғаннан кейін келіп жөндетіп едім. Жақсы жөндейді екен. Енді рақмет қамқорлығына бізге жасаған. Көп жасасын.

 Жалпы Абай облысында 23 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Оның ішінде үш мыңға жуығы балалар. Өткен жылы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жұмысқа орналасуға көмек сұрап шамамен 750 адам жүгінген.

Айман Нұрлыбек, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы: 

- Ол қоғамдық жұмыстар. Күміс жас жобасы, Алғашқы жұмыс орны сияқты жұмыстарға 117 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, 8 азамат арнайы мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмыс орындарымен қамтылды. Қысқа мерзімді оқытуларға жіберіп жатырмыз. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жаңа бизнес идеяларын іске асыруға 400 АЕК мөлшерінде берілетін мемлекеттік гранттарды 31 азамат алды. 

Өңірде кәсібін ашуға ниетті азаматтарға да қолдау көрсетілуде. Өткен жылы әлеуметтік осал топтарға жататын 31 адам жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант алды. Әр гранттың мөлшері 400 айлық есептік көрсеткішті құрап, 1,7 миллион теңгеден асқан. Ал биыл мұндай қолдау 205 тұрғынға беріледі. 

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков