БҚО-ның «Жасыл ел» жасағында мың жарым студент пен оқушы жұмыс істейді

Батыс Қазақстан облысында «Жасыл ел» еңбек жасағында мың жарым студент пен оқушы жұмыс істейді.

 Олар елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру, саябақтарды күтіп баптау және қоғамдық орындарды ретке келтіру ісіне атсалысады. Еңбек пен тәрбиені ұштастырған жоба өңірде биыл 22-рет ұйымдастырылып отыр.

"Жасыл ел" сарбаздарының әр таңы саптық жаттығумен және нұсқаулықпен басталады. Әр балаға атқаратын жұмыс көлемі теңдей бөлінеді. Мәселен, бүгін 16 жасар Перизат Нұрлыбек Жеңіс алаңында жұмыс істеп жатыр. Мұнда ол қатарластарымен бірге гүлдерді суарып, айналаны тазалауға көмектеседі. 

Перизат Нұрлыбек, оқушы:

- Мен жұмысқа кіру мақсатым қаламды дамыту, «Жасыл ел» болған соң көгалдандыру ниетпен келіп отырмын. Осы жұмыс істегеніміз үшін жалақы аламыз. Жалақы жақсы, бізге тиімді. Мен осы ақшаға өзіме қатты қалаған нәрселерімді ала аламын. 

Оралда көздің жауын алатын сан түрлі гүл егілген жүздеген алаң бар. Оны ала жаздай күтіп ұстау оңай емес. Осы ретте «Жасыл ел» жасағының көмегі зор дейді коммуналдық қызметкерлер.

Ботагөз Мықбаева, гүл өсіруші:

 - Біз көрсетеміз қалай кеседі, қалай шөбін жұлады. Гүлдерді баспау керек. Жастар ғой, тез қабылдайды. Жұмыстары жақсы. Сразу үйренеді олар. 

Биыл тек Орал қаласы бойынша 300 адам "Жасыл ел" қатарында еңбек етеді. Жұмысты ұйымдастыруға 29 миллион теңге бөлінді. Маусымдық жұмысқа 16 жастан асқан жасөспірімдер мен жастар қабылданады.

Мержан Шамуров, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Әр секторға 20 адамнан бөлінген. Қаланың орталығынан бөлек Зашаған, Деркөл кенттерінде де осындай көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр. «Жасыл ел» сарбаздарымен бір айға келісімшарт отырамыз. Келер айда өзге балаларды қабылдаймыз. Жұмыс уақыты таңғы 9-дан 4-ке дейін. Арасында түскі асқа уақыт бөлінген. Жалақы көлемі 85 мың теңге. 

Жасыл ел жұмысы облысқа қарасты өзге де қала-аудандарда ұйымдастырылған. Алдағы үш айда мың жарымға жуық жасөспірім еңбекке араласады. 

Елдос Кәкенов, Альбина Кумаргалиева, Калыбек Акрап