«AMANAT» «Әділет» партиясына қосылады: съезде қандай маңызды мәлімдеме жасалды? 

Бұл жайлы бүгін бас қалада өткен «Әділеттің» екінші съезінде айтылды. Жиынға қатысқан бірлестік басшысы Айбек Дәдебай қос құрылымның қосылғанын құптайтынын айтып, партияластарын қолдауға шақырды.

Делагаттар бастамаға бір ауыздан келісім берді. Бұдан бөлек, келелі кеңестің күн тәртібінде өңірлік өкілдіктер ашу жайы талқыланып, ортақ ережелер бекітілді. Саяси жиында тағы қандай маңызды мәлімдеме жасалды? 

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- «AMANAT партиясының «ӘДІЛЕТ» партиясына қосылуы – тар партиялық мүддеден жоғары тұрған, ұлттық жауапкершілікке негізделген парасатты шешім. Бас қалада өткен басқосуда «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай осылай деді. Айтуынша, бірлестіктердің бірігуі болашақ пен келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен туындаған, елдік берекеге бастайтын байлам. Ол қосылу идеясын қолдауға шақырды.

600-ден астам адам, әр аймақтан жиылған делегаттар. Бүгін бас қалада бас қосқан қауым «AMANAT»-тың «Әділет» партиясына қосылуын қолдады. Енді екі партия бір бірлестікке айналмақ. 30 жылға жуық тарихы бар тәжірибелі партия мен тыңнан түрен салуға ниетті жаңа ұйым қосылып, бір мүддеде іс қылуға бейіл. Мақсат ортақ, бағыт бір. Ол – Әділетті Қазақстан құру идеясы.

Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:

- Бүгінгі шешім жетілген саяси мәдениеттің жарқын көрінісі болмақ. Бұл – мемлекеттік мүдде бәрінен жоғары тұратын, ал ел болашағына деген жауапкершілік баршаға ортақ міндет деп танылатын жаңа саяси мәдениет. Бұл шешімнің жаңа Конституция күшіне енердің қарсаңында қабылданып отырғанының да ерекше символдық мәні бар. Мемлекет дамуының жаңа кезеңі жаңа институттарды ғана емес, саяси жауапкершіліктің жаңа сапасын талап етеді.

Келісіп пішілген тоң келте болмас. Алда бірқатар ауыс-түйіс пысықтылады. Ал бірінші партиядан екінші һәм жаңа партияға мүшелікке өту, не өтпеу мұқым елдің өз еркінде.

Рауан Кенжеханұлы, «Әділет» партиясы саяси кеңесі бюросының мүшесі:

- Кеше сіздер білесіздер, «AMANAT» партиясының съезі өтті. Онда әріптестеріміз қосылу туралы шешім қабылдады. Біз бүгін бұл ұсынысты қабылдадық. Делегаттарымыз бұл шешімді бірауыздан қолдап дауыс берді. Біз әрине, барлық күш-жігерімізді салып, «AMANAT» партиясының барлық мүшелеріне «Әділет» партиясының қатарына қосылу жөнінде ұсыныс жасаймыз. Алайда олар бұл ұсынысты қабылдай ма, партия қатарына өте ме – бұл әр адамның жеке таңдауы мен шешімі.

Елдің барлық аймағында «Әділет» партиясының филиалдары ашылады. Өңірлік өкілдіктер қызметінің нақты ережесі де бекітілді. Онда құқықтық мәртебе, міндеттер, басқару жүйесі, қаржылық тәртіп пен бақылау секілді негізгі тетіктер қамтылған.

Гүлзира Атабаева, «Әділет» партиясы саяси кеңесі бюросының мүшесі:

- «Әділет» саяси партиясы» қоғамдық бірлестігінің филиалы туралы ереже – партиямыздың өңірлердегі жұмысын, аумақтық құрылымдарының ұйымдастырылуын, жергілікті жерлерде шешім қабылдау тәртібін, сондай-ақ тәртіп, бақылау және жауапкершілік тетіктерін айқындайтын негізгі құжаттардың бірі. Шын мәнінде, осы ереженің қабылдануы партияның институционалдық негізін қалыптастырудағы маңызды кезеңнің аяқталғанын білдіреді. Ең алдымен, құжат филиалдың құқықтық мәртебесін белгілейді.

Одан бөлек, жиында бірлестіктің алдағы жұмыс жоспары пысықталып, басым бағыттар талқыланды. Әсіресе адами капиталды арттыру, білім беру ісін ілгерлету, заманауи технологияларды дамыту мәселелері назарға алынды.

Бағдат Мусин, «Әділет» партиясы саяси бюросының мүшесі:

- Мен цифрлық күн тәртібін, жасанды интеллект мәселелерін және оны құқықтық реттеу бағыттарын ілгерілету үшін қосылдым. Өйткені жасанды интеллект арқылы әділеттілікті дамытуға да болады. Сондықтан осы мәселелердің барлығы бүгінгі күн тәртібінде тұр. Оларды реттеу, дамыту және осы салаға қатысты тұжырымдамалық көзқарас «Әділет» қалыптастырып жатқан платформа негізінде айқындалады. Мен бұл бастаманы қолдаймын.

Қорыта айтқанда, кеңес маңызды мәлімдемелерге толы өтті. Ең бастысы бұл кезекті съез ғана емес, саяси сахнадағы серпіліс, ұлттық мүддені қаузаған басқосу. Ендігісі уақыттың еншісінде. 

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Жарқын Өрден