Түркістан облысында «AL-FARABI» интеллектуалдық сайысы өтті
Шардарда республикалық «AL-FARABI» интеллектуалдық сайысы өтті. Орталық стадионға мыңдаған адам жиналып, білім мен ой ұшқырлығын сынға салды.
Облыс әкімдігі мен экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырған іс-шара қоғамдағы құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған. Сайысқа жастар, мұғалімдер, мемлекеттік қызметшілер мен қала тұрғындары қатысты.
Ашық аспан астында өткен «AL-FARABI» зияткерлік сайысында 200-ге жуық команданың мүшелері білімі мен білігін сарапқа салды. Жарыс жаңа Конституцияның қоғамдағы маңызын кеңінен түсіндіруге, «Заң және тәртіп» қағидатын насихаттауға бағытталды. Ұйымдастырушылар мұндай бастама жастардың құқықтық және қаржылық қауіпсіздік мәдениетін жетілдіруге септігін тигізетінін айтады.
Гүлзия Қарсыбай, Экономикалық тергеп тексеру департаментінің Аса маңызды істер жөніндегі офицері:
- Жалпы сайыстың басты мақсаты жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, Цифрлық Қазақстан жобасы аясында жастардың біліктілігін арттыру болып табылады. Бастама әрі қарай өз жалғасын табатын болады. Бұған дейін де жүзеге асырылып отырған. Бүгінгі формат ерекше, оның ішінде Жаңа Конституцияны жастардың қолдауы, одан бөлек Заң мен тәртіп қағидатын қолдауы - осы жиының бір алғы шарты болып отыр.
Сайыс бес кезеңнен тұрды. Қатысушылар заңнамадан бөлек, тарих, логика және психология бойынша әзірленген сауалдарға жауап берді. Жеңімпаздар сын сағатта суырылып шығу оңай болмағанын айтады.
Нұрсұлтан Алпысбаев, Шардара ауданының «Нейрон» командасының капитаны:
- Сұрақтар әртүрлі саланы қамтыған. Жалпы осының барлығы тәжірибе деп ойлаймын. Тек қана 1 саламен шектеліп қалмай, осындай ойындардың арқасында білім, барлық нәрсе шындалады. Өзіміз 100% ұйымдастырылуына ризамыз.
Зияткерлік жарыста топжарған командалар арнайы диплом, кубок және бағалы сыйлықпен марапатталды. Айта кетейік, республикалық интеллектуалдық ойынының жалпы жүлде қоры - 2 миллион теңге.
Авторлары: Айша Кошеман, Куаныш Абуов