Алматы облысында 29 жастағы жігіт үйін есірткі фабрикасына айналдырған
Алматы облысында синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан күдікті қолға түсті, хабарлайды «24KZ».
ІІМ мәліметінше, Қарасай ауданында орналасқан жеке тұрғын үйде жасырын есірткі зертханасы жұмыс істеген. Тергеу барысында 29 жастағы азаматтың үйді арнайы сатып алып, оны есірткі өндіруге қажетті жабдықтармен қамтамасыз еткені анықталды.
Тергеу барысында күдікті синтетикалық есірткі өндіруге қажетті арнайы жабдықтар мен химиялық реагенттерді интернет арқылы сатып алғаны мәлім болды.
Тінту кезінде құқық қорғау органдары 28 келіден астам α-PVP синтетикалық есірткісін, 880 литр прекурсорды және өндіріс процесіне арналған зертханалық құрылғыларды тәркіледі.
ІІМ дерегінше, бұл дайындалған алғашқы партия болған. Оның көлемі шамамен 125 мың бір реттік дозаға тең.
« Бірде-бір грамм есірткі заңсыз айналымға түскен жоқ. Осылайша мыңдаған адамның денсаулығына қауіп төндіретін өнімнің таралуына жол берілмеді. Алматы облысындағы ірі синтетикалық есірткі жеткізу арнасының жұмысы тоқтатылды», – деп мәлімдеді министрлік.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-1-бабы («Есірткі, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу немесе өндіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Аталған бап бойынша кінәлі деп танылғандарға өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған.