«Кідірген жоқпын, тез өлтірдім»: Сәрсемалиев ата-енесін қалай пышақтағанын баяндады

Фото: коллаж politico.kz

Атырау облысында бір отбасындағы төрт адамның қазасына қатысты қылмыстық істе  басты күдікті Сұлтан Сарсемәлиев жұбайының ата-анасын қалай өлтіргенін айтты, деп хабарлайды «24KZ».  

Ақ Жайық  мәліметінше, айыпталушы  2025 жылы 2 қарашаға қараған түні әйелі Ақбаян мен балаларын ертіп ауылға келген. Келесі күні таңғы сағат жетілер шамасында қайын енесі Нәсіп Өтешқалиева балалардың ауылда қалуын, ал Ақбаянның күйеуімен бірге қалаға кетпеуін  талап еткеннен кейін, ол оларды өлтіруге шешім қабылдаған.

Тергеу барысында көрсетілген бейнежазбада Сарсемәлиев асүйден пышақ алып, алдымен қайын енесіне, кейін қайын атасына шабуыл жасағанын айтқан. Ол асүйден пышақ алып, сарайға кірген. Артынша бауырсақ пісіріп жүрген енесі Нәсіп сарайға кірген кезде оған кеуде тұсы мен мойын аймағына бірнеше рет пышақ сұққан.

Сотта көрсетілген бейнежазбада Сарсемәлиев:

«Кідірген жоқпын, тез өлтірдім. Егер бір сәтке болса да тоқтасам, ештеңе жүзеге аспай қалар еді», – дейді.

Осыдан кейін сарайға қайын атасы Мақсот келген. Ішке кірген сәтте оған да пышақпен шабуыл жасаған.

Кейін қылмыстың ізін жасырып, мәйіттерді сарай ішіне қазылған шұңқырға көмген. Алғашында мәйіттерді далаға апарып тастауды ойлағанымен, біреу байқап қалады деп қорқып, оларды сарайдың ішіне көмуге шешім қабылдаған. Оның айтуынша, қабірді түнгі сағат он екілер шамасында қаза бастап, жұмысты таңғы алтыға дейін жалғастырған. Алдымен шұңқырға Мақсоттың денесін, кейін оның үстіне Нәсіптің денесін қойған.

Ол қанды тазалап, жерленген орынды пленка, линолеум, кілем және ескі диванмен бүркемелеген.

Сотта белгілі болғандай, қылмыстан кейін ол марқұмдардың үйінен ақша, сақиналар мен құжаттарды алып кеткен. Сондай-ақ олардың банк қосымшаларының құпиясөздерін білгені анықталған.

Айыпталушы өз әрекетін жұбайының туыстары тарапынан көрген қорлық пен психологиялық қысыммен байланыстырды. Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, қайын атасының денесінен тоғыз пышақ жарақаты табылған, оның үшеуі өлімге әкелген.
Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр.