Ұстаз мәртебесі – ұлт мерейі

Ұстаз – ұлттың тірегі, келешектің кемеңгері. Елімізде мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, кәсіби шеберлігін шыңдауға арналған теңдессіз республикалық байқау өз мәресіне жетті.

Тоғыз айға созылған зияткерлік бәйгеде төрт жүзден астам ұстаз бақ сынап, ең мықтылары темір тұлпар мінді. Бас жүлдені елордалық тарих пәнінің мұғалімі қанжығасына байлады.

Қасыл Қатықбаеваның 100 жылдығына арналған білім байқауы тоғыз айға жалғасты. Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған 400-ден астам мұғалім 12 түрлі тақырып аясында білім мен біліктілігін сарапқа салды. 8 кезеңнен тұратын сында ұстаздар қауымы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өзара тәжірибе алмасты.

Нұрлан Адамов, байқаудың бас жүлдегері:

- Ұстаздың қоғамның дамуына қосатын үлесі орасан зор. Абай атамыз «Жақсылық жасап жарысындар» деп айтып кеткен. Сондықтан Мұратхан Әділханұлы жақсылық жасап жарыстырды, бағымызды сынады. 6 маусымда Алакөл ауданы Бұлақты ауылында республикалық байқаудың жабылу салтанаты өтті. Сол жерде Атыраудан, Тараздан, Алматыдан, Астанадан және тағы басқа жерлерден ұстаздар қатысты. Сол ұстаздарға бағалы сыйлықтар берді. Бірінші, екінші, үшінші орын алғандар автокөлік мініп қайтты.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 14 ұстаз салтанатты түрде марапатталды. Ал ең жоғары нәтиже көрсеткен үздік үштікке су жаңа автокөліктің кілті табысталды. Осынау ауқымды доданың Бас жүлдесі елордадағы №99 «Келешек» мектебінің тарих пәні мұғалімі Нұрлан Адамовқа бұйырды. Сонымен қатар жеңімпаз ұстаз Қасыл Қатықбаева атындағы құрметті орденді кеудесіне тақты.

Ләззат Садықбекова, Астана қаласындағы №99 мектептің директоры:

- Нұрлан Жұмағазыұлы тарих пәнінен ұстаздық қызмет атқарады. Нұрлан Жұмағазыұлы педагог ретінде ғана емес, тұлға ретінде де жауапкершілігі жоғары. Сондықтан да осы сайыстан жоғары нәтиже көрсетіп отыр деп ойлаймын.

Ұстаздың басты жетістігі – шәкіртінің ықыласы. Нұрлан Жұмағазыұлының сабағында оқушылар тарихтың тереңіне бойлап, елінің өткенімен танысады. 

Рамина Пугоева, оқушы:

- Тарих сабағы өте қызық өтеді. Нұрлан ағай түрлі форматта тапсырмалар беріп, сабақты ешқашан зеріктірмейді. Біз ұстазымызбен мақтанамыз. Ол кісіге қарап, болашақта біз де осылай балаларға білім беретін мұғалім болғымыз келеді.

Қоғамдағы ұстаз мәртебесін биіктетіп, еңбегін елеген бұл байқау – ұлт болашағына қосылған зор үлес-дейді Нұрлан Адамов.  Ал  биік белесті бағындырған жеңімпаз ұстаз ұрпақ тәрбиелеу жолындағы абыройлы ісін одан әрі жалғастыра бермек.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова Санжар Біргебаев