Ауылды көркейткен кәсіпкер
Абай облысының Ажа ауылындағы Мәдениет үйі, мешіт және жаңадан салынған спорт кешені жергілікті кәсіпкер Қайрат Кенжебаевтың қолдауымен бой көтерген.
Ол балалар ойын алаңы мен футбол алаңын да ауыл тұрғындарына тарту еткен. Қайрат Кенжебаев Ажа ауылының тумасы. Ол 18 жасында отбасымен бірге ауылдан көшіп кеткенімен, туған жерімен байланысын үзген емес. Кәсіптен тапқан табысын ауылды дамытуға бағыттап, Мәдениет үйі, мешіт, футбол және балалар ойын алаңын салып берген. Келер жылы ауылда балабақша құрылысы басталады.
Қайрат Кенжебаев, кәсіпкер:
- Бұл жерде ақша көп деп айтпаймын. Мәселе ақшада емес, мәселе ниетте. Көмектесемін деген адам болса аз ақшамен де бірдеңе істеуге болады. Ауылымыз малға өте жайлы. Бізде жарты ауыл Қытайдан көшіп келген қандастарымыз тұрып жатыр. Көшіп келгендеріне өкінбейді. Бізге көшіп келгендер емес, көшіп кеткендер артынан өкініп жатады.
Былтыр ауылда аумағы 400 шаршы метр болатын спорт кешенінің құрылысы басталды. Заманауи нысан ауыл тұрғындары мен жастардың игілігіне қызмет етпек. Мұнда қазақ күресі, баскетбол, волейбол және футбол секцияларына қатысуға мүмкіндік бар. Спорт кешені жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, салауатты өмір салтын насихаттауға жол ашады.
Фархат Ағзамов, жаттықтырушы:
- Биылдан бастап жаңа спорт зал салынды. Сол жерде ақырындап дайындықты бастап жатырмыз. Ауылдың балаларының құлшынысы жақсы, қазір жоғары деңгейде. Ауыл баласының ерекше күші болады.
Самған Қапан, Ажа ауылының тұрғыны:
- Бұл ауылда береке-бірлігіміз бар. Әсіресе жастардың қазір ауылды гүлдендіріп, көркейтуге үлес қосуы ерекше. Қайдан болса, қаладан да, даладан да келіп жиылып осы ауылға қаншама құрылыс салды.
Қайрат Кенжебаев бастаған ауыл жастары жылда бір нысан салуды дәстүрге айналдырған. Енді тұрғындардың тұрмысын жақсарту үшін бірлесіп жаңа баспаналар салуды көздеп отыр. Бұдан өзге де жобалары бар.
Нұрбек Қошқарбаев, Көкпекті ауданының әкімі:
- Келесі жылы ауылға балабақша салып бермекші. Әрбір азамат туған жеріне үлесін қосып Қайраттай болса, ауылдарымыз да тез дамып кетер еді. Жалпы жерлердің бәрін әкімдік тарапынан алып бердік. Жарықтандыру мәселесі, техника жағынан үлесімізді қосып жатырмыз.
Ажа ауылында жүзеге асып жатқан игі бастамалар туған жерге деген сүйіспеншіліктің, азаматтық жауапкершіліктің және елге қызмет етудің нақты үлгісі.Туған жеріне жанашыр азаматтардың қолдауымен ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымы жаңарып, тұрғындардың тұрмыс сапасы арта беретіні анық,-дейді ауылдықтар.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков