Қарағанды облысының 18 ауылында өрт сөндіру бекеті ашылады
Оның үшеуі Қарқаралы ауданында, яғни Павлодар облысының орманды алқаптарымен шегаралас шалғай елді мекендерде пайда болады.
Жалпы өңірде өртке қарсы бөлімшелердің әлеуетін жүйелі түрде күшейту жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа жабдықтар мен заманауи техникалар Қарқаралының өрт сөндіру бекетінің жұмысын айтарлықтай жеңілдеткен.
Қарқаралының өрт сөндіру бекеті толық жаңғыртылған. Қазір мұндағы автопарк адам танымастай өзгерген. Бұған қоса, гидравликалық авариялық-құтқару құралдары, радиостанциялар және өрт сөндіру жеңдері сатып алынды. Бекет 250 шақырым радиус төңірекке қызмет көрсетеді. Былтыр аудан аумағында 39 өрт тіркеліп, орманда адасып кеткен 30 адам құтқарылды. Заманауи құрал-жабдықтың арқасында қазір оқыс жағдайларға бұрынғыдан да жедел әрекет етуге мүмкіндік бар.
Алмас Ыбыраев, Қарқаралы ауданы ТЖБ бастығы:
- Қазір тепловизор мен дрон бізге өте қатты көмегін тигізіп жатыр. Мысалы, орманды учаскеміз бар. Сол себепті барлау және бақылау жұмыстарына дрон көп көмектеседі. Жалпы 8 бірлік техника, квадроцикл және металл қайық бар.
Таулы, орманды өлкенің 112 120 гектары Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне тиесілі. Біраз аумағы демалыс орындары үшін жалға берілген. Оларда табиғаты көркем жерлерге апаратын туристік маршруттар көбейіп келеді. Сондықтан өрт қауіпсіздігін бақылау күшейтілді. Орман ішіне әрқайсысы 30 шақырым төңіректі бейнекамерамен бақылайтын 18 мұнара қойылды. Шалғай ауылдардың да өртке қарсы қауіпсіздігі күшейтіліп жатыр.
Саят Мусин, Қарқаралы ауданы әкімінің міндетін атқарушы:
- Былтырдан бері өрт сөндіру бекеті, яғни кіші бекеттер ауылдарда салынып жатыр. Биыл біздің шекараға жақын, шалғайда орналасқан Айрық, Айнабұлақ, Татан ауылдарында үш өрт сөндіру посты салынады. Былтыр екі пост салынған, олардың барлығы қазір жұмыс істеп тұр.
Былтыр облыс бойынша 13 ауылда өрт сөндіру бекеті ашылды. Биыл оған тағы 18 нысан қосылады. Құтқару қызметінің автопаркі 50-ден астам арнайы техникамен толығады. Қазір аудандарда өртке қарсы заманауи 66 бекет жұмыс істеп тұр. Бұл төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге және азаматтық қорғаныс саласын күшейтуге мүмкіндік береді. Өңір аумағында жыл басынан бері дала өрті тіркелмеген.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков