ШҚО-да он алты өрт сөндіру бекеті салынып жатыр 

«Ауыл құтқарушылары» жобасы іске асқалы еліміздің әр өңірінде 300-ге жуық  өрт сөндіру бекеті ашылды.

Шалғайда шыққан 450 өрт дер кезінде сөндірілді. Бұл жоба өрт сөндіру-құтқару жұмыстарының тиімділігін арттырды, дейді мамандар. Президент жетуі қиын ауылдардағы өрт қауіпсіздігін күшейтуге арналған бағдарламаны жаппай енгізіп, ауыл-аймақты түгел қамтуды тапсырды. Шығыс Қазақстан облысында  былтырдан бері 21 бекет ашылды. Ондағы мамандар 80-ге жуық шақыртуға шығып, өртті дер кезінде сөндірді. 

Шемонаиха ауданында 300-ге тарта шаруа қожалығы, 140 мың гектардан астам егіс алқабы бар. Мал-жанды тілсіз жаудан қорғау басты міндет. Өңірде «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясында ашылған 8 бекет жұмыс істеп тұр. Солардың бірі Сугатов ауылында. Мамандардың айтуынша, маңайда алыс жақын 10 елді мекен бар. Өрт шықса, құтқарушылар орталықтан көмек күтпей-ақ іске кіріседі. Бір жылда олар 10-нан астам шұғыл шақыртуға шықты. Жақында ғана тұрғын үйде тұтанған өртті дер кезінде сөндіріп үлгірді.

Дидар Әшімхан, Шемонаиха қаласы №28 өрт сөндіру бөлімінің бастығы:

- Өрт сөндіру бекеті қызметкерлері оқиға орнына дереу жетіп өрттің таралуын болдырған жоқ. Бұл бекет болмаса, аудан орталығынан өрт сөндіру қызметі жеткенше ұзақ уақыт алады, сол уақыт аралығында өрт одан үлкен аумаққа таралып кетер еді.

Ауылдық округте 900-ге жуық адам тұрады. Әсіресе пеш жағатын маусымда оқыс оқиға жиілейді, дейді тұрғындар.

Наталья Табашникова, ауыл тұрғыны:

- Аудан орталығына дейін 15-20 шақырым жол бар. Ал өрт деген тез өршиді. Сондықтан аймақта осындай бекет ашылғанына қуаныштымыз. Бәріміз пеш, монша жағамыз. Қорада шөп жиналып тұр. Сақтық артық етпейді. 

Арнайы жабдықталған бөлімнің ауыл-аймаққа жақын орналасуы өрттің алдын алуға мүмкіндік береді. Мәселен, Зайсандағы Біржан ауылында қыркүйектің ортасында өрт сөндіру бекеті ашылды. Ал екі апта бұрын бір үй ауласындағы 50 бума шөп отқа оранды. Жедел қимылдың арқасында өрт жан-жаққа тарамай, тез сөндірілді. Жалпы өңірдегі ауыл құтқарушылары жыл басынан бері 77 өрт ошағын өшірді. 

Аманжол Қизатов, ШҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы бастығының м. а.:

- Тек қана өртке емес, су басу қаупіне халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге ол кісілерді жұмылдыра аламыз және бұл құрылыс жергілікті атқару органдарының көмегімен, жеке кәсіпкерлердің және шаруа қожалықтарының қаржыландыруымен жүзеге асуда. 

Қазір облыста 16 өрт сөндіру бекеті салануда. Алдағы уақытта тағы 18 нысан бой көтереді. Ол үшін жер учаскесін рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. 

Авторлары Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Сондай-ақ оқыңыз: