«Туған кезде қойылған атым – Айнұр»: шетелдіктер асырап алған қазақ қызы анасын іздеп жүр

Фото: Криста/Айнұр

Нәресте кезінде шетелдік отбасы асырап алған Криста есімді бойжеткен биологиялық анасын іздеуге кірісті. Ол өз оқиғасын Facebook желісіндегі Kazakhstan Adoption қауымдастығында бөлісіп, жұртшылықтан көмек сұрады, деп хабарлайды «24KZ».

Криста Facebook-тегі арнайы қауымдастықта жазба жариялап, 2003 жылы Қазақстанда дүниеге келгенін және туған кездегі есімі Ғабдрахманова Айнұр Ниязбекқызы болғанын айтты.

«Сәлем! Менің атым – Криста. Мені 2004 жылы Қазақстанның Орал қаласынан асырап алған. Мен 2003 жылы дүниеге келдім, туған кезде маған Ғабдрахманова Айнұр Ниязбекқызы деген есім берілген. Биологиялық анамның аты – Нұргүл. Биологиялық ата-анам туралы кез келген ақпаратқа өте ризамын», – деп жазды ол.

Кристаның айтуынша, биологиялық анасының есімі – Нұргүл.

Жазба әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Көпшілік қызға қолдау білдіріп, туған туыстарын табуға көмектесуге дайын екенін жеткізді. Кейбірі құжаттарда тегі қате жазылуы мүмкін екенін болжаса, енді бірі Орал қаласының тұрғындары арасынан ықтимал сәйкестіктерді іздеуге кіріскен.

Сондай-ақ желі қолданушылары тегі бойынша іздеу жүргізіп, қай бағытта іздеуді жалғастыруға болатыны жөнінде кеңестерін беруде.

«Сәлем, Криста! Біз, Қазақстан тұрғындары, сізге сәттілік тілейміз!», «Анасын табады деп үміттенемін», «Табылып кетсін!» – деп жылы лебіздерін білдірді желі қолданушылары.