«Ендігі мақсатым – Америка»: Ұлытаудан Парижге дейін жаяу жеткен қариямен сұхбат

Жер шарын жаяу шарлап жүрген бірегей жиһангез, 76 жастағы Сәрсенбай Қотырашев Париждегі Салтанат қақпасына жетіп, өзінің кезекті Еуропа сапарын аяқтады. 

Биылғы сапары 3 наурызда Сербиядан басталып, Мажарстан, Аустрия, Германия қалалары арқылы Францияда түйінделді. 53 күнде 3000 шақырымды артқа тастаған қария «24KZ» тілшісіне  сұхбат берді.

 – Сәрсенбай ақсақал, Париждегі мәреге жетуіңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Оқырман қауым сіздің әр сапарыңызды жігерлене тамашалайды. Алдымен мына бір сұрақтан бастасақ: Жер шарын жаяу аралау идеясы ең алғаш қалай туындады? Бұған не түрткі болды?

Рақмет айналайын, тілеулес болған барша қазаққа алғысым шексіз. Бұл идея маған бір күнде келе салған жоқ. 2018 жылы жылқы шаруашылығы мен қазақ мәдениеті жайында жүзден астам кітап жазған белгілі академик Ахмет Тоқтыбай деген ініңіз бар. Содан Ұлытаудағы белсенді азамат Бақтияр Қожахметов екеуміз сол ғалымды арнайы шақырып, қасиетті өңірде «Көкмайса» атты қымыз фестивалін ұйымдастырдық. Мақсатымыз – ұлттық құндылықтарды жаңғырту еді. Дәл содан бастап менің көкірегімде бір арман оянды: «Неге осы әлемді жаяу аралап жүріп, төл мерекеміз бен дәстүрімізді дәріптемеске? Ұмытылып бара жатқан дәстүрді жаһанға танытып, болашақ ұрпаққа неге аманат етпеске?» деген асқақ мақсат пайда болды.

– Жасыңыз 76-да. Бұл жаста жылы төсектен тұрып, беймәлім елдерге, ұзақ сапарға шығу үлкен жүректілікті талап етеді. Сұхбаттарыңызда бала күніңізден шынығып өскеніңізді айтасыз. Жиһанкездік жолына біржола бет бұруыңызға не себеп болды?

Мен жастайымнан тірлікке ерте араластым, өмірдің көп қиыншылығын, тауқыметін көрген адаммын. Еңбекпен шынығып өстім. Ал мына үлкен жиһанкездік сапарды біржола бастауыма өмірдегі үлкен соққы себеп болды. Дүниежүзін жайлаған ковид індетінен кейін қасымдағы көп жыл отасқан кемпірім қайтыс болды. Шаңырағым босап, серігімнен айрылған соң, іштей біржола шешім қабылдадым. Өмірімнің қалған бөлігін ұлтымның атын шығаруға, саяхатқа арнаймын деп бел будым.

– Отбасыңыз, бала-шағаңыз, немерелеріңіз бұл шешіміңізді қалай қабылдады? Түрлі мемлекеттерде, тас жолдың бойында жүргенде уайымдайтыны анық қой…

Бастапқыда, әрине, бәрі қарсы болды. «Ата, бұл жаста сізге тыныш отыру керек, денсаулығыңызға зиян келеді, жол қауіпті» деп уайымдады. Қазір немерелерім де, шөберелерім де мені мақтан тұтады. Күн сайын хабарласып, тілеуімді тілеп отырады. Олардың амандығы маған күш береді.

– Ақсақал, қазір әлеуметтік желіде сізді миллиондаған адам көреді. Сыртыңыздан бәрі керемет, жеңіл көрінуі мүмкін. Бірақ осындай халықаралық сапарлар үлкен қаражатты талап етеді. Осы Еуропа сапарының қаржылық жағы қалай шешілді? Демеушілер табылды ма?

Міне, бұл менің еш жерде айтпаған ең үлкен сырым, көрген тауқыметім. Көпшілік мені демеушілердің ақшасымен жүр деп ойлайтын шығар. Олай емес. Осы уақытқа дейін қаншама жерден демеушілер іздеп көрдім, хат жаздым, бірақ ешкім әзірге мені қолдаған жоқ, бір тиын да бөлмеді. Сондықтан осы Еуропа сапарының алдында үлкен тәуекелге бардым. Жезқазған қаласында өзім тұрып жатқан жалғыз пәтерімді 15 миллион теңгеге сатып жібердім. Ол ақшаның бір бөлігімен бұған дейінгі Қытай сапарынан қалған қарыздарымды жаптым, ал қалған қаржысын толықтай осы Еуропа сапарына, жол шығындарыма жараттым. Мен бұл өмірде мал мен мүлік, дүние жиғанша, артыма өшпес із қалдырып, рухани байлық жинайын деп шешкен адаммын. Үй табылар, ал мұндай мүмкіндік пен уақыт екінші келмейді.

– Пәтеріңізді сатып, тәуекел еткеніңіз таңғалдырмай қоймайды. Бұл нағыз рухтың мықтылығы. Жолда түрлі елдердің заңдары мен шектеулері болды, соған қарамастан дегеніңізге жеттіңіз. Алдағы уақытқа қандай жоспар қойып отырсыз? «UlytauMan»-ның келесі бағыты қай ел болмақ?

Құдайға шүкір, денсаулығым жақсы, еш жерім ауырмайды. Дәрігерлер де таңғалады. Бойымда әлі де күш-қуат барында тоқтап қалғым келмейді. Алдағы уақытқа қойған ең үлкен мақсатым, келесі бағытым – Америка Құрама Штаттарын жаяу аралап шығу. Мұхиттың арғы бетіне өтіп, АҚШ-тың тас жолдарында көк туымызды желбіреткім келеді. Денсаулық пен жігер барда маған ешқандай кедергі жоқ деп ойлаймын. Мақсат айқын, тек алға жүре беремін.

– Сәрсенбай ақсақал, шынайы әрі әсерлі сұхбатыңызға көп рақмет! Қазақтың рухын асқақтатқан сапарыңыз сәтті болсын, алдағы АҚШ-ты бағындыру арманыңыз орындалсын! Аман-есен елге оралыңыз!